ТЖД ата-аналарға шұғыл үндеу жасады

Жетісу облысында жазғы туристік маусымның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір әкімдігінің қаулысына сәйкес, бүгінгі таңда облыс аумағында судағы жаппай демалысқа арналған 4 ресми орын белгіленген. Олардың қатарында Талдықорған қалалық жағажайы, Алакөлдегі Ақши және Көктұма ауылдарының жағалаулары, сондай-ақ Балқаш көлінің жағажай аймағы бар. Демалушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін мамыр айында балалар лагерьлері мен демалыс орындары орналасқан су айдындарының түбін тексеру және тазарту жұмыстары толық жүргізілді.
Жетісу облысы аумағында соңғы күндері су айдындарында балалардың қаза болуымен байланысты төрт қайғылы жағдай тіркелді. Атап айтсақ, Кербұлақ ауданындағы Аралтөбе су қоймасында 2 бала, Қаратал ауданы, Қаратал өзенінде 2 жасар бала және Балқаш көлінде жабайы жағажайда 3 жасар бала суға кетіп қаза тапты. Бұл жағдайлардың барлығы шомылуға жабдықталмаған орындарда орын алған, ал трагедиялардың басты себебі — балалардың үлкендердің қарауынсыз қалуынан болған.
Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен ата-аналарға шұғыл үндеу жолдады. Мамандардың мәлімдеуінше, жазатайым оқиғалардың басты себебі – кәмелетке толмаған балалардың үлкендердің қарауынсыз қалуы және шомылуға тыйым салынған, жабдықталмаған орындарда суға түсуі болып отыр.
ТЖД қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын, рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп, жадынамалар таратып жатқанына қарамастан, қайғылы оқиғалар тыйылар емес. Осыған байланысты, құтқарушылар ата-аналардан балаларды су маңында жалғыз қалдырмауды, олардың қайда жүргенін қатаң бақылауды сұрайды.
Сондай-ақ, биылғы маусымның басты ерекшелігі – қауіпсіздікті бақылау ісіне заманауи технологиялардың енгізілуі. Қазіргі уақытта Ақши ауылының жағалауында жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған 34 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Бұл интеллектуалды жүйе дауыс зорайтқыштар арқылы демалушыларға қауіпсіздік талаптарын автоматты түрде ескертеді. Бейнемәліметтер Жедел-құтқару жасағының басқару пунктіне шығарылып, тәулік бойы жіті бақылауға алынған. Сонымен қатар, Алакөл көлі аумағында 31 құтқару мұнарасының 25-і, 13 шақырымдық қалқыма желінің 8 шақырымы және 6 пирс орнатылды.
Судағы тәртіпті бақылау және заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері мен Көліктік бақылау инспекциясы бірлескен рейдтер жүргізуде. 1 маусымнан бастап су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 412-бабы) 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 121 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал ішкі су жолдарында кемелерді пайдалану ережелерін бұзған (ӘҚБтК-нің 582, 583-баптары) 12 адам анықталып, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 622 мың теңгені құрады. Облыс аумағындағы қауіпті учаскелерге 190 тыйым салу белгісі, арнайы бильбордтар мен аншлагтар орнатылды.

Мәліметпен бөлісу: