
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау болып табылады, өйткені бұл сала азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде Департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде негізсіз бас тартуларға, өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталмауына және қабылданған шешімдердің жеткілікті негізделмеуіне байланысты заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталуда.
Ағымдағы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша қабылданған шараларының нәтижесінде 125-тен астам қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, «Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың шегінде жер учаскесіне құқықтар беру», «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту» және «Медициналық ұйымға тіркелу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша қызмет алушылардың өтінімдеріне белгіленген мерзімде жауап бермеу және жауаптардың мерзімін бұза отырып беру фактілері орын алған.
Департаменттің араласуынан кейін мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты барлық өтінімдер қаралып, азаматтарға тиісті жауаптар берілді.
Осындай бұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу мақсатында, мемлекеттік органдарға ішкі бақылауды күшейту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде ұсынымдар енгізілді.
Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментіне (мекенжайы: Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Назарбаев даңғылы 75, байланыс телефоны 8 (7282) 24-11- 91) жүгінуге болады.
