
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін өңірде бағдарлама аясында 121 мың көшет отырғызу жоспарланған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 167 іс-шара өткізіліп, оған 86 мың адам қатысты. Нәтижесінде 58 мың көшет отырғызылып, 5 мың тонна қоқыс шығарылды.
Бұдан бөлек, биыл аумақтарды абаттандыру үшін қажетті қаражат қарастырылған. Нәтижесінде 41 аула, 16 саябақ, 3 аллея, 1 сквер, 1 орталық алаң, 41 балалар және спорт алаңын қамтитын 20 қоғамдық орын абаттандырылады. Сондай-ақ 96 үйдің шатыры мен 86 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу, 15,1 км арық желілерін салу және ұзындығы 304 км болатын көшенің жарықтандыру орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыстың жалпы білім беретін ұйымдарында 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық білім беру жоспарлары әзірленіп, «Жасыл клуб» жасақтарының үлгілік ережесі бекітілгенін атап өткен жөн. Мектептерде 339 экологиялық үйірме, 310 «жасыл бұрыш», 114 көкөніс-бақшасы учаскесі мен жылыжай жұмыс істейді.
Еске салсақ, өткен жылы «Таза Қазақстан» аясында Жетісу облысында 13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер, 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар және спорт алаңы абаттандырылды. Сондай-ақ 77 шатыр мен 33 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделіп, 16,5 км арық желілері мен 72 ескерткіш қалпына келтірілді, 315 км көше жарық шамдары орнатылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілшілер: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай, сондай-ақ фотосуреттер облыс әкімінің баспасөз қызметінің мұрағатынан алынған
