
Биыл аймақтағы республикалық маңызы бар автожолдарды жаңғырту мен қауіпсіздігін арттыруға жалпы саны 27 миллиард теңге қаржы бағытталды. Қазіргі таңда 1050,2 шақырым жолдың 193 шақырымы тікелей жөндеу жұмыстарымен қамтылуда.
Басты жобалар мен өзгерістер:
Сарыөзек станциясының айналма жолы: Ұзындығы 7 шақырымдық күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, биыл толық пайдалануға беріледі.
«Алматы – Өскемен» автожолы: Ауқымды күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қазіргі таңда жолдың төменгі қабаты салынып, екі қабат асфальт төселді. Нысан басында жеке асфальт зауыты жұмыс істеп тұр.
Жүргізушілер назарына: Құрылыс кезінде қозғалыс қауіпсіздігі үшін «Алматы – Талдықорған» бағытында реверстік қозғалыс ұйымдастырылса, кері бағыт ескі Мұқыры жолы арқылы жүзеге асырылуда.
Орташа жөндеу: «Талдықорған айналма жолы» мен «Қонаев — Талдықорған» бағыттарында жол төсемі жаңартылып, жарықтандыру тіректері орнатылуда.
