Жетісуда тұрғындарға көмірді жаз мезгілінде сатып алу ұсынылуда

Жетісу облысының көмір қоймаларына қатты отын тиісті көлемде тұрақты жеткізілуде. Қазір өңірге тәулігіне орта есеппен 9 вагон көмір әкелінеді. Жалпы биылғы жылыту маусымына облыста халықтың көмірге деген қажеттілігі 375 мың тоннаны құрайды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 46 көмір тұйығы мен қойма болса, оларда қазіргі кезде 32 мың тонна бар көмір бар.

— Мамыр айынан бастап темір жол қатынастарымен 24 мың тонна көмір жеткізілді, Күніне ора есеппен 9 вагон «Шұбаркөл», «Қаражыра» көмірі әкелінеді, көмір жетіспеушілігі жоқ. Күз-қыс айларында сұраныс күрт өсетіндіктен, көмірге кезек, тасымалдау кідірістері, тапшылық сияқты қиындықтарды болдырмау мақсатында қолайлы ауа райында көмір сатып алу керектігін халықтың есіне саламыз, — деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Әділет Хасенов.

Атап өтсек, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында өңірдегі жылу және электрмен жабдықтау кәсіпорындары жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жылыту маусымы басталғанға дейін 2 турбина, 15 қазандық, 10,4 шақырым жылу желілері, 558 шақырым электр желілері және 52 трансформаторлық қосалқы станция жөнделеді. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында Талдықорған қаласында 4,9 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланған.

Сонымен қатар облыс орталығының оңтүстік-батыс тұрғын ауданында қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын кварталдық қазандық пен жылумен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда. Аталған нысандарды пайдалануға беру осы жылдың қазан айына жоспарланған. Сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларында жеке инвестициялар есебінен жиынтық қуаттылығы сағатына 118 Гкал болатын газтурбиналық станциялар кезең-кезеңімен іске қосылуда.

Бүгінде Жетісу облысындағы газдандыру деңгейі 67,2 %. Қазіргі таңда Панфилов ауданындағы 12, Қаратал ауданындағы 3 және Ескелді ауданындағы 1 елді мекенді қоса алғанда, жалпы 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Осы жобалар толық іске асырылғаннан кейін Жетісу облысында газдандырылған елді мекендер саны 126-ға (72%) жетеді. Соның нәтижесінде өңірдегі 500 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: