
Жетісу облысында орталық ауыз су жүйесі жоқ ауылдарға су құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Соның бірі – Алакөл ауданындағы Лепсі ауылы. Бұған дейін ауыл тұрғындары ауыз суды су құдықтардан тасып немесе өз аулаларында ұңғыма қазу арқылы пайдаланып келген. Енді көп жылдан бері қордаланған бұл мәселе өз шешімін табуға таяу. Қазіргі таңда ауылда орталық су құбырын тарту жұмыстары аяқталуға жақын, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Лепсі ауылының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және жаңадан салу жобасы 2025 жылдан жүзеге асырылуда. Жоба аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Мердігер ұйым директорының орынбасары Дәурен Жүнісовтің айтуынша, жобаға 50-ге жуық маман, 8 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Жоба бойынша қарастырылған 708 су құбыры құдығының 628-і орнатылып, 35 шақырым магистралды су құбыры төселді.
Сонымен қатар тереңдігі 226 метр болатын екі су алу ұңғымасы бұрғыланып, таза су резервуары мен сорғы станциясының ғимараты салынды. Жабдықтар электр желісіне қосылып, өндірістік базаның қоршауы мен барлық қосалқы нысандардың құрылысы толық аяқталды.
– Бұл өңірдің климаты ерекше, мұнда суық ерте түсіп, көктем кеш келеді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі мамыр мен қыркүйек аралығындағы қысқа мерзімде атқарылады. Қазіргі уақытта абоненттік желілерді тарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жоспарланған 15 шақырым тарату желісінің 7 шақырымы төселді. Жоба аясында жалпы 420 тұрғын үйді орталықтандырылған су жүйесіне қосу көзделген. Бүгінгі күні су құбыры 210 үйге дейін жеткізіліп, оның ішінде 70-ке жуық тұрғын сумен жабдықтаудың жаңа жүйесіне қосылды. Өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта 135 өрт гидрантын орнату жоспарланған болатын, соның 100-і бүгінде орнатылып үлгерді. Жалпы барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, нысанды осы жылдың күзінде пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Бұл жоба ауыл тұрғындары үшін жай ғана ірі құрылыс емес, бұл – ондаған жыл бойы күткен маңызды оқиға.
Лепсі ауылы қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ирина Абдухаликова пікір бөлісті:
– Мен осы ауылда туып-өстім. Ес білгелі бері орталық ауыз су жүйесінің болғанын армандадық. Міне, енді сол көптен күткен күнге де жеттік. Біздің ауылдың болашағы зор: туризм қарқынды дамып келеді, спорт нысандары бар, табиғаты да ерекше көркем. Сондықтан ауыз су мәселесі біз үшін әрдайым өзекті мәселелердің бірі болды. Ауылдың бір бөлігі 1980-жылдары салынған ескі су құбырын пайдаланып келді, онда су өз ағысымен келетін. Ал екінші бөлігінің тұрғындары суды ауылдың арғы шетінен шелекпен тасуға мәжбүр болды. Енді әрбір үйге орталық су жүйесі тартылады. Біз бұған өте қуаныштымыз, – деді ол.
Атап өтсек, қазіргі таңда Алакөл ауданындағы облыстық маңызы бар «Қабанбай – Лепсі» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстары жолдың 20–40 шақырым аралығындағы 20 шақырымдық учаскесін қамтиды. Жаңартылған жол бөлігіндегі құрылыс жұмыстарын шілде айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға бағытталған бұл жұмыстар елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ауданның туристік бағыттарының қолжетімділігін де арттырады.
Еске салсақ, өткен жылы Лепсі ауылы «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік бес туристік ауылдың қатарына енген болатын. Аталған жоба туризмді тұрақты дамытуға, табиғаты ерекше, мәдениеті, салт-дәстүрі мен қолөнері сақталған ауылдық аумақтарды анықтап, олардың туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
