Жетісу облысында жасанды инттелект бойынша жас әзірлеушілерге арналған жазғы хакатон өткізілді

Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы «Jetisu Digital» IT-хабының базасында жасанды интеллектке арналған жазғы хакатон ұйымдастырылды. IT саласындағы жас әзірлеушілер жедел жәрдем қызметінің жұмысын жетілдіруге, ауруларды диагностикалауға және медициналық көмек көрсетуді жақсартуға бағытталған жобаларын таныстырды. Бұл бастаманың басты мақсаты – өңір жастарының цифрлық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту, бағдарламалау дағдыларын жетілдіру, командалық жұмысқа баулу және олардың тың идеяларын нақты технологиялық өнімдерге айналдыруға қолдау көрсету, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Summer GDG AI Hackathon» іс-шарасы Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл – хакатон Google Developers Group (GDG) Taldykorgan қауымдастығы жылына төрт рет өткізетін маусымдық хакатондар сериясының бір бөлігі. Жылдың әр мезгіліне арналып ұйымдастырылатын бұл іс-шаралар әзірлеушілерді бір алаңға жинап, олардың шектеулі уақыт ішінде білімдері мен тәжірибелерін сынауға мүмкіндік береді.

«Әр хакатонда қатысушыларға жаңа тапсырмалар беріледі. Біз тақырыпты іс-шара басталғанға дейін жарияламаймыз, оны тек ашылу рәсімінен кейін ғана таныстырамыз. Одан кейін командалар күні бойы берілген тапсырманың шешімін әзірлеумен айналысады. Біз өңірлік IT-экожүйені дамытуға және бағдарламалау саласындағы халықаралық стандарттарды енгізуге ерекше көңіл бөлеміз. Мұның барлығы қазіргі кезде Қазақстанның цифрлық трансформациясын жүзеге асырып жатқан жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді. Сондай-ақ ынтымақтастыққа негізделген орта қалыптастыру да аса маңызды. Қатысушылар бір-бірімен тек бәсекеге түсіп қана қоймай, тәжірибе алмасады, идеяларын талқылайды және кәсіби байланыстарын кеңейтеді», – деді Jetisu Digital IT-хабының өңірлік менеджері Айгерім Шаймерденова.

Байқау бағдарламасымен қатар қатысушылар үшін бұлтты технологияларға арналған тәжірибелік воркшоп ұйымдастырылды. «Google» компаниясының Катардағы кеңсесінің бағдарламалық жасақтама инженері Udesh Udayakumar тыңдаушыларды Google бұлтты сервистерінің мүмкіндіктерімен таныстырып, олардың заманауи цифрлық өнімдерді әзірлеуде қалай қолданылатыны туралы айтып берді.

Хакатон қорытындысы бойынша бірінші орынды «Medos» жобасы жеңіп алды. Бұл – жедел жәрдем қызметі, емханалар мен ауруханалар арасындағы өзара іс-қимылды автоматтандыруға арналған жүйе. Жоба медицина қызметкерлерінің күнделікті қайталанатын жұмыс көлемін азайтып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Екінші орынды «Neuromotion» жобасын ұсынған команда иеленді. Бұл жоба Паркинсон ауруына шалдыққан науқастарды диагностикалау және олардың жағдайын бақылау үшін компьютерлік көру (Computer Vision) технологияларын пайдалануды ұсынады.

Үздік үштікті «Ahead» жобасы түйіндеді. Бұл жоба психикалық денсаулығында кінәраты бар адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Әзірлемеде диагноз қоюды қолдау және емдеу процесін сүйемелдеу үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

Хакатон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, естелік сыйлықтармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Іс-шараға жалпы саны 30-ға жуық мектеп оқушысы мен студент қатысты. Олардың қатарында Талдықорған қаласының жастары ғана емес, Алматы мен Астана қалаларында білім алып жүрген студенттер де болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Summer GDG AI Hackathon» Жетісу жастарының жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осы ретте хакатон қатысушылары пікірлерін білдірді.

– Мен хакатондарға екі жылға жуық уақыттан бері қатысып келемін. Менің ойымша, бұл – әрбір IT маманы үшін міндетті тәжірибе. Хакатон барысында 12–24 сағаттың ішінде жобаны нөлден бастап әзірлеу қажет болады. Осындай қысқа мерзімде біздің жылдам шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу, міндеттерді дұрыс бөлу және бір-бірімізбен тиімді қарым-қатынас орнату сияқты барлық қабілетіміз сыналады. Жобаны жалғыз әзірлеу өте қиын, ал хакатондар командалық жұмысқа үйретеді. Сонымен қатар бұл кәсіби тұрғыда дамуға, пікірлес жандарды табуға, мықты команда құрып, жаңа жобалар мен жаңа жетістіктерге бірге қадам басуға зор мүмкіндік береді, – деді Талдықорған колледжінің түлегі Сағындық Мырзағали.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді  «Jetisu Digital» IT-хабы ұсынды 

Мәліметпен бөлісу: