БАСТЫ МІНДЕТ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ

Ұлт мәртебесін биік көтеріп, ел абыройын асқақтатып, биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін қалың елге танытатын мемлекеттік қызметшілер – қоғамның айнасы. Сондықтан да еліміздегі әрбір тұрғынның өтініш-тілегін орындауда мемлекеттік қызметшілердің алар орны мен рөлі ерекше. Ең алдымен, мемлекеттік қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуы халық үшін өте маңызды. Әрбір азамат қажетті қызметін уақытында алуы керек. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаменті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

2026 жылдың алғашқы алты айында департаментке мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты азаматтар мен заңды тұлғалардан 106 шағым түсті. Оның ішінде бір шағымда көрсетілген деректер расталып, азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, кемшілік жіберген 8 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Департаментке келіп түскен арыз-шағымдар мерзімінде қаралып, заңға сәйкес тиісті жауаптар берілуде. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің халықпен дұрыс әрі сапалы жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта қолға алынған «Ең алдымен адамдар» жобасы аясында 47 мемлекеттік қызметші арнайы оқудан өтті. Оқу Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру мақсатында «Елге қызмет» бағдарламасы бойынша жергілікті телеарнада 6 тікелей эфир өткізілді. Оған халық үшін маңызды салалардағы мемлекеттік органдардың басшылары қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ департаменттің бастамасымен аудандық және қалалық әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің 23 отырысы өтті. Мұнда мемлекеттік қызметтерге қатысты 26 мәселе қаралды. Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен әкімдер аппараттары көрсететін қызметтер бойынша тағы маңызды 2 мәселе талқыланды. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға берілген 9 ұсынымның барлығы орындалды.

Аталған бағыттағы жұмыстарды жақсарту үшін, департамент мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін жеңілдету, оларды автоматтандыру және ақпараттық жүйелердің техникалық мүмкіндіктерін арттыру жөнінде 21 ұсыныс Агенттікке жолдады.

Бақылау жұмыстарына тоқталсақ, бірінші жартыжылдықта 8 жоспарлы және 2 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде 2 945 заң бұзушылық анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 227 азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Одан бөлек, «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 3 240 заң бұзушылық анықталды. Осы фактілер бойынша 23 әкімшілік іс қозғалып, 13 лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 1 444 945 теңгені құрап, бюджетке толық төленді.

Қорытындылай келе, департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, оларды алу тәртібін жеңілдету және азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырады. Басты мақсат – тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді сапалы, оңай және уақытында алуын қамтамасыз ету.

Е. Сұлтанқұлов,

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері    агенттігінің  Жетісу облыстық департаментінің  басшысының орынбасары.

Мәліметпен бөлісу: