ҚҰРЫЛТАЙ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ

Кез келген мемлекеттің болашағы бір жылдың немесе бір саяси кезеңнің жетістігімен өлшенбейді. Нағыз дамудың өлшемі – бүгін қабылданған шешімдердің ондаған жылдан кейін де өзектілігін жоғалтпай, қоғамға қызмет ете алуында. Сондықтан мемлекет тарихында келешекке бағытталған институттардың орны әрқашан ерекше. Олар күнделікті мәселелерді шешумен ғана шектелмей, елдің даму бағдарын айқындап, жеткен жетістіктерін сақтайтын саяси тірекке айналады. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтайдың маңызы қазіргі уақытпен емес, болашақпен өлшенеді. Тарихи өлшемдермен алғанда дамудың даңғылына енді ғана түскен Қазақстан үшін бұл саяси науқанның маңызы ерекше. Өйткені қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – келесі ұрпаққа орнықты, тиімді және заманауи мемлекеттік модель қалыптастыру. Осы міндетті жүзеге асыруда Құрылтайдың рөлі арта түседі. Оның тиімділігі қабылданған шешімдердің санымен емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына қосқан нақты үлесімен бағаланатын болады.

Кешегі өткен ата-бабаларымыз ел басына күн туған тағдыршешті кезеңдерде Құрылтай шақырып, маңызды мәселелерді ортаға салатын болатын. Ағымдағы жылдың 23 тамыз күні өтетін сайлау негізінде құрылатын Құрылтай да егемен еліміздің кемел келешегіне қызмет етеріне сенім мол!

Есбала СҮДІРБАЕВА,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: