2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Алдағы саяси науқан – азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына, өз ұстанымын білдіруіне және жаңа өкілді органның қалыптасуына қатысуына мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Құрылтайдың құрылуы – еліміздегі саяси жүйені жаңғырту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі. Оның қызметі қоғамның талап-тілегін ескеруге, халықты толғандыратын мәселелерді көтеруге және мемлекет дамуына қажетті шешімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталады.
Жаңа өкілді органның құрамына 145 депутат сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Бұл қағидаттар әр азаматқа өзінің таңдауын еркін білдіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, әлеуметтік саланы дамытуға және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Осы міндеттердің тиімді жүзеге асуы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыстың беріктігіне де тәуелді.
Осы ретте Құрылтай депутаттарының жауапкершілігі жоғары болмақ. Халық өкілдері азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін назарға алып, елдің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдауы қажет. Депутаттың басты міндеті – халық сенімін ақтап, ел мүддесіне адал қызмет ету.
Ал сайлаушы үшін басты міндет – өз таңдауына жауапкершілікпен қарау. Кандидаттардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұстанымдарын саралау және саналы шешім қабылдау – сайлау мәдениетінің маңызды бөлігі. Өйткені сайлау нәтижесі қоғамның болашақтағы даму бағытына әсер ететін маңызды шешімдердің бірі.
Азаматтық белсенділік тек сайлау күнімен шектелмеуі тиіс. Қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау, ел өміріне қатысты бастамаларға қолдау білдіру, өз пікірін заңды әрі ашық түрде жеткізу – жауапты азаматтың ұстанымы.
23 тамыздағы сайлау әр азаматқа өз дауысын білдіріп қана қоймай, ел болашағына қатысты азаматтық көзқарасын танытуға мүмкіндік береді. Мемлекеттің тұрақты дамуы – билік пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Бүгін жасалған таңдау ертеңгі күннің бағытына әсер етеді. Сондықтан Құрылтай сайлауына қатысу – ел тағдырына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Ел болашағы – әр азаматтың таңдауынан басталады. Саналы таңдау жасап, мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосайық!
