ЖАҢАРУДЫҢ НЕГІЗІ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ

     Сайлау – ел азаматтарының өз болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды демократиялық үдеріс. Биылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болмақ.

     Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – оның жаңа конституциялық негізде қалыптасқан Құрылтайдың алғашқы құрамын жасақтауға бағытталуында. Сондықтан алдағы саяси науқанды елдегі жаңару мен өзгерістердің маңызды кезеңі деп бағалауға болады.

     Жаңару ең алдымен халықтың үніне құлақ асудан, азаматтардың ұсынысы мен мәселесін шешім қабылдау деңгейіне жеткізуден басталады. Құрылтай депутаттары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлердің өркендеуіне, ауыл мен елді мекендердің өзекті мәселелеріне қатысты халықтың мүддесін білдіруі тиіс. Сарапшылар да бұл сайлаудың өңірлер мен ауыл тұрғындарының мәселелерін жоғары деңгейде көтеруге жаңа мүмкіндік беретінін атап өтуде.

     Сондықтан әр азаматтың сайлауға саналы түрде қатысуы маңызды. Дауыс беру – жай ғана таңдау жасау емес, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарау. Өз таңдауын жасаған азамат қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосады.

     Бүгінгі жаңару – ертеңгі нәтижеге бастайтын қадам. Ал оның берік негізі – жауапты азаматтық ұстаным мен белсенді қоғамдық қатысу.

     23 тамызда әр азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына үлесін қоса алады. Өйткені жаңарудың негізі – халықтың таңдауы.

Жанат Мұқашев,

Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: