
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылған күні – кәсіби мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің жаңа әкімшілік кешені құрылысының іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Марат Нарбаев, Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысты. Жаңа нысан Мемлекет басшысының облыс орталықтарында Шекара қызметі департаменттерінің әкімшілік ғимараттарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес бой көтермек.
Жетісу облысы еліміздің шығыс қақпасы саналады. Бұл өңірдегі мемлекеттік шекараны күзету Шекара қызметі үшін маңызды әрі жауапты бағыттардың бірі. Осыған байланысты жаңа әкімшілік кешеннің салынуы шекарашылардың қызметтік мүмкіндіктерін арттырып, заманауи талаптарға сай жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Уақыт капсуласының салынуы да осы маңызды бастаманың басталғанын айғақтайтын символдық мәні бар рәсімге айналды.
– Жетісу облысы шығыс қақпа бола отырып, еліміз үшін маңызды стратегиялық өңір болып табылады. Бүгін құрылысы басталып отырған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жаңа департамент ғимараты Мемлекет басшысының облыс орталықтарында Шекара қызметі департаменттерінің әкімшілік ғимараттарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес бой көтереді. Ал бүгін салынып отырған уақыт капсуласы – болашақ ұрпаққа арналған символдық жолдау. Мемлекеттік шекарамыз әрдайым берік әрі қауіпсіз болсын деген ізгі ниетіміздің белгісі, – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Өз кезегінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Марат Нарбаев облыс әкімдігіне шекарашыларға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдірді.
– Жетісу шекарашылары күн сайын мемлекеттік шекараның аса жауапты учаскелерінің бірінде қызмет атқарып, кәсібилік, төзімділік пен батылдық танытып келеді. Әскери борышқа адалдық – әрбір шекарашының басты қағидасы. Осы ретте шекара қызметінің берік дәстүрін қалыптастырған ардагерлерге де ерекше алғыс білдіремін. Жаңа әкімшілік кешен Шекара қызметінің инфрақұрылымын дамытуға және әскери қызметшілер мен қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл нысан заманауи басқару орталығы ғана емес, бірлік пен әскери антқа адалдықтың символына айналады, – деді полковник Марат Нарбаев.
Жаңа кешеннің құрамында екі әкімшілік ғимарат блогы және бірқатар қосалқы нысандар қарастырылған. Атап айтқанда, бақылау-өткізу пункті, жатақхана, су қоймасы бар өрт сөндіру сорғы станциясы және басқа да қажетті нысандар салынады. Әскери қызметшілердің дене дайындығына да көңіл бөлініп, кешен аумағында спорттық нысан қарастырылған.
Құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңінде учаске қоршалып, аумақты дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысанға қажетті арнайы техника тартылған. Құрылыс кезеңінде шамамен 100 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жобада аумақты абаттандыру жұмыстары да қамтылған.
Жобаға сәйкес жаңа әкімшілік кешеннің құрылысын абаттандыру жұмыстарын қоса алғанда, 2028 жылдың ортасында аяқтау жоспарланып отыр. Уақыт капсуласының іргетасқа салынуы болашақ нысан құрылысының ресми басталғанын білдіріп, Шекара қызметінің Жетісу өңіріндегі материалдық-техникалық базасын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті
