27 қазан күні аудан бойынша Республикалық сенбілік өткізілді. Санитарлық тазарту шараларына жергілікті тұрғындар, мекеме-ұйым, білім, денсаулық саласының қызметкерлері қатысты. Ауқымды шара барысында ауылдық округтердің жол жиектері, кіреберіс аркалары, билбордтар, дүкендердің сырт келбеттері және қоқыс төгетін орындар бір жүйеге келтірілді.
Ауданға қарасты елді мекендерде санитарлық тазалау барысында 2600 тұрғын үй, 36 әлеуметтік, өндірістік, мәдениет бағытындағы ғимараттардың айналасы тазаланды. Сондай-ақ бас арық жүйелерінің 70 шақырымы, 85 шақырым автомобиль жолдарының бойы және 41 көше тазартылып, шамамен 350 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жалпы аталмыш жұмыстарға 70 дана арнайы техника және 5000-ға жуық адам қатысты.
Бүгінгі күні құрамында жергілікті полиция қызметкерлері, экология инспекторы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мамандары және жергілікті әкімдік қызметкерлері бар тазалық бойынша жедел топ тиісті ағарту жұмыстарын атқаруда. Елді мекен тұрғындарына санитарлық тазарту шараларына белсенді қатысу үшін тиісті үгіт-насихат шаралары да жүргізілуде. Дей тұрғанмен өзі тұратын аумақтың тазалығына, абаттандырылуына немқұрайлы қарайтын, осынау шаруаны тек әкімдіктің міндеті деп қана білетін жандардың барлығы көңіл қынжылтады. Ауданның тазалығы ауладан, әр отбасынан басталады десек артық айтқандық емес. Десек те, бізде әлі де тазалық, экологиялық мәдениет деген ұғымдар орнықпай келеді. Шынын айту керек, қаламыздың сәнін келтірген жарық шамдарын сындыратын, темірден жасалған арнайы қоқыс жәшіктерін бүлдіретін, егілген талдарды жұлып, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар жетерлік. Бұл – адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Қаланың тазалығы басқаға емес, ең бірінші кезекте өзіміз үшін керектігін ұмытпағанымыз жөн. Жәй айтқанды түсінгісі келмейтін жерлестерімізді, жүрген жерін ластап, қоқысты оңды-солды шашатындарға заң аясында тиісті айыппұл салынатындығын да ескерте кеткіміз келеді.
Өз тілшіміз.