«Кітап оқитын ұлт» марафоны

Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға және білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Жоба 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады.
Марафонның басты мақсаты – қоғамда тұрақты кітап оқу дағдысын қалыптастырып, кітапты білім мен рухани дамудың маңызды көзі ретінде кеңінен насихаттау. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытып қана қоймай, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Сарқан аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бөлім басшысы Байгужа Айнұр Серікбайқызы қызметкерлермен кездесу өткізіп, марафонның мақсаты, шарттары мен ережелерін түсіндірді.
Марафонның «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби, интеллектуалдық және тұлғалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Кітап оқу – білімді толықтырудың, ой-өрісті кеңейтудің және кәсіби дамудың маңызды құралы.
Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Оқитын адам – ізденетін, ойланатын, білімін жетілдіретін тұлға. Ал кітап оқуды өмір салтына айналдырған қоғамның интеллектуалдық әлеуеті де жоғары болады.
Барша оқырман қауымды «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып, кітап әлеміне бірге қадам басуға шақырамыз!

Мәліметпен бөлісу: