Тазалық – қоршаған ортаның көркі ғана емес, қоғам мәдениеті мен әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын маңызды құндылық. Туған жеріміздің таза әрі көрікті болуы – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан елді мекеннің тазалығын сақтау тек арнайы қызметтердің немесе жекелеген мекемелердің жұмысы емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі болуы тиіс.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде табиғатқа қамқорлық жасау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау халықтың өмір салтының ажырамас бөлігі болуы керектігін атап өтті.
Өзімізді қоршаған ортаның таза әрі көз тартарлықтай болуы үшін сенбіліктер де ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте Сарқан қаласындағы Қойтас саябағында абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында сенбілік ұйымдастырылды.
Аталған сенбілікке «Сенім» Сарқан күндізгі болу орталығының ұжымы толық құрамда қатысты. Сенбілік барысында ұжым мүшелері саябақ аумағын абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысып, саябақтағы орындықтарды сырлау және бояу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қоғамдық орынның тазалығы мен көріктендірілуіне үлес қосты. Сенбілік барысында ұжымның ұйымшылдығы мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы қамтамасыз етілді.
Шын мәнінде, қаланың тазалығы — бәрімізге ортақ жауапкершілік. Бұл жерде адамның ұлтына, қызметіне немесе әлеуметтік жағдайына қарамаймыз. Бір адамның тастаған қоқысының өзі ертең қоршаған ортаға, қалаға, тіпті өзіміздің денсаулығымызға әсер етуі мүмкін.
Қоқысты жерге тастамау, табиғатты ластамау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау — қарапайым ғана әрекеттер. Бірақ дәл осындай күнделікті әдеттер қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады.
