Еліміз саяси трансформацияның ең маңызды кезеңіне қадам басты. Мемлекет келешегін айқындайтын жаңа Конституцияны жақтап дауыс берген халық соны өзгерістерді әділ әрі құқықтық мемлекетте өмір сүруді қалайтынын көрсетті.
Заң мен тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау және оны мүлтіксіз сақтау, қоғамды жаңғырту қағидаттары жаңа Конституцияға арқау болды. Ең бастысы, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар тек жалпыхалықтық референдумда ғана мақұлданады. Жаңа Ата заң кемеліне келіп, жаңғыруға бет бұрған, келешекке қол созған қоғамның басты құжаты.
Сөзсіз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат. Ол елдегі қоғамдық қатынастардың негізгі қағидаларын белгілеп, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызмет ету тәртібін айқындайды.
Адам және оның құқықтары – басты құндылық. Қолданыстағы Конституцияның негізгі өзегінің бірі – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылық ретінде тану. Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітілген.
Әр адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға құқылы. Сондай-ақ азаматтардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауына конституциялық кепілдік берілген.
Заң мен сот алдында барлығының тең болуы – құқықтық мемлекеттің маңызды қағидаларының бірі. Азаматтарды әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына және өзге де себептерге байланысты кемсітуге жол берілмейді.
Халық – мемлекеттік биліктің бастауы. Конституция мемлекеттік биліктің негізгі қайнар көзі ретінде Қазақстан халқын белгілейді. Халық өз билігін жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы іске асырады. Әрі кез келген маңызды шешім ендігі жерде жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданатын болады.
Бұл қағида азаматтардың елдің саяси және қоғамдық өміріне қатысуының маңызын көрсетеді. Сонымен қатар Конституция мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуін және олардың өзара іс-қимылын қарастырады. Бұл – биліктің тиімді жұмыс істеуі мен құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Конституцияның жоғары заңдық күші. Қонданыстағы Ата Заңның маңызды ережелерінің бірі – оның ең жоғары заңдық күшке ие болуы. Конституция бүкіл Қазақстан аумағында тікелей қолданылады. Мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар өз қызметінде Конституция талаптарын басшылыққа алуы тиіс.
Қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Жаңа Конституция күшіне енген кезде қолданыста болған заңдар да оған қайшы келмейтін бөлігінде өз күшін сақтайды. Бұл талап құқықтық жүйенің бірізділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың берік негізін қалыптастырады.
Құқықпен бірге міндет те бар. Конституция азаматтарға құқықтар мен бостандықтар берумен қатар, белгілі бір міндеттер де жүктейді. Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіп әр азаматтың заң талаптарын сақтауына, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуіне тікелей байланысты. Адам өз құқықтарын жүзеге асырған кезде өзге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі керек. Бұл – құқықтық мәдениеттің және өзара жауапкершіліктің маңызды көрінісі.
Ата Заңды білу – азаматтық жауапкершілік. Конституция – тек заңгерлер мен мемлекеттік қызметшілерге арналған құжат емес. Оның ережелері әрбір азаматтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Еңбек ету, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, сот арқылы қорғану, пікір білдіру және басқа да құқықтар Конституциялық нормалармен сабақтас.
Сондықтан Конституцияны білу – өз құқықтарыңды білумен қатар, қоғам алдындағы міндеттеріңді түсіну деген сөз.
Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық және саяси жүйесіндегі маңызды кезең болды. Оның қағидаларын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті арттыру – тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары.
Әіресе қай заман, қандай қоғам болмасын өз құндылығын жоғалтпайтын — әділдік пен жаңғыруға негіз қалайтын — технологиялық прогресс қағидаттарын ілгерілете отырып, ашық экономика мен жауапты жаһандық серіктестікті қолдайтын қуатты мемлекеттің іргетасы бүгіннен басталатындығын ескере отырып, соған сай әрекет етуіміз қажет.
Ата Заңға құрмет – заңға құрмет. Ал заңға құрмет – елдің тұрақтылығы мен болашағына деген жауапкершілік. Әділетті, Таза, Заң мен Тәртіп қағидатына негізделген жаңа қоғам, жаңғырған Қазақстан әрбірімізден бастау алатынын ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Қадыр Абдырахманов,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы,
ішкі істер органдарының ардагері.
