ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ІЛГЕРІЛЕТУГЕ БАҒЫТТАЛДЫ

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын азамат ретінде мұқият тыңдадым. Бұл жолғы жолдаудың негізгі өзегі — экономика екендігін көзі қарақты оқырман бірден аңғарады. Оның ішінде ел экономикасының тіректі саласының бірі-ауылшаруашылығына арнайы тоқталып, бұл бағыттағы жұмысқа баса мән беруге шақырды.

«Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.

Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.

Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.

Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Бұл ауылшаруашылық саласына зор қолдау, ауыл еңбеккерлеріне деген үлкен қамқорлық деп білемін. Сондай – ақ қазіргідей кезеңде еліміздің экономикасын ілгерілетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам деп түсінемін.

Балтабек Абылқасымов,

«Абылқасымов» шаруа жожалығының басшысы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Мәліметпен бөлісу: