
Президенттің ағымдағы жылғы Жолдауында суды тиімді пайдалану, су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын қорғау мәселелерінің көтерілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім.
Су – тіршіліктің негізі, халықтың әл-ауқаты мен экономиканың тұрақты дамуының басты шарттарының бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласы үшін судың маңызы зор. Сондықтан су қорын сақтау мен оны ұтымды пайдалану тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс.
Мемлекет басшысы суды ысырап етуге жол бермеу, су тұтынуды бақылауды күшейту және ауызсуды мақсатсыз пайдалануды шектеу қажеттігін атап өтті. Бұл – қоғамда суға деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған орынды бастама. Өйткені судың әрбір тамшысы бағалы, ал оны бейберекет пайдалану болашақ ұрпақтың мүмкіндіктеріне кері әсер етуі ықтимал.
Жолдауда су ресурстарын есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру міндетінің қойылуы да маңызды. Мұндай жүйе судың нақты көлемін анықтауға, шығындарды бақылауға және су ресурстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Менің ойымша, суды үнемдеу мәселесін тек инфрақұрылымдық немесе экономикалық міндет ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – экологиялық сана мен күнделікті өмір салтының ажырамас бөлігі. Әрбір тұрғын тұрмыста суды үнемдеп, әрбір мекеме мен кәсіпорын су ресурстарына жауапкершілікпен қарауы керек.
Суды үнемдеу – бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, ертеңгі ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілігіміз.
Ж. ҚОЖАХМЕТОВА,
«Сарқан су құбыры» ШЖҚ МКК іс жүргізушісі.
