
Дүниежүзіндегі ең басты ресурстардың бірі әрі бірегейі – су. Оның ішінде маңыздысы ауыз суы. Әлемнің жетекші ғалымдары сапалы ауыз су қорының көлемі жыл санап азайып келе жатқандығын айтып, дабыл қағып отыр. Күні кеше ғана телеарнадан Алтай тауларындағы тұщы су қорын зерттеп, зерделеп жүрген мамандардың жұмысын арқау еткен бейнебаянды көріп қалдым. Онда гидролог мамандар Алтай тауларының және Жетісу Алатауының тұшы су қорын көзбен көріп, арнайы құрылғылармен өлшеп, алаңдауға негіз барлығын айтуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен, суды тиімді және үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мән-маңызы айрықша.
Үкімет пен әкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек. Түрлі желідегі, сондай-ақ, көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажет. Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар.
Менің тапсырмаммен Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алды. Оны соңына дейін жеткізу керек. Суды үнемдеп пайдалану бәріне ортақ міндетті қағида болуға тиіс. Су ресурстарын түгелдей әрі дұрыс есепке алу үшін цифрлық құралдарды толыққанды пайдалану айрықша маңызды. Бұл жаңа өндірістерді жоспарлау кезінде мұқият ойластырылған, салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді,-деген болатын. Мемлекет басшысының жоғарыда айтқандарын толық қолдаймын.
Өйткені арнайы мамандар жыл сайын ауа температурасының көтерілуі өз кезегінде ауыз судың негізгі қоры саналатын мұздықтардың жылдам еруіне әкелген. Мұздықтардың жылдам ерігендігі соншалықты қыс мезгілінде жауған қар жеткілікті қорды қалыптастыра алмай жатқан көрінеді. Сондықтан болашағымызды ойласақ суды үнемдеуді қазірден бастап қатаң қолға алуымыз керек. Және балаларымызға, немерелерімізге судың рөлін түсіндіріп, оны үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз аса маңызды.
Мұрат ТҮСІПОВ,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.
