Аудан басшысының кезекті халық алдындағы есебі іргелі елді мекендер Бақалы, Қойлық, Қарабөгет, Черкасск, Шатырбай, Аманбөктер, Екіаша, Амангелді, Алмалы ауылдық округтерінде жалғасып, Сарқан қаласында қорытындыланды. Жыл қорытындылаған жиынға Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов және бірқатар мекеме-бөлім басшылары қатысты.
Алдымен ауыл әкімдерінің есебіне ден қойған тұрғындар келесі кезекте аудан әкімі Марат Разбековтың ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есепті баяндамасын тыңдап, 2019 жылдың жоспарларымен танысты. Жыл жүзінде саялы өңір әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Мұны аграрлы аймақтың тыныс-тіршілігін нақты сандармен сөйлетіп, жан-жақты ашып көрсеткен Марат Мелісұлының баяндамасын айрықша ықыласпен тыңдаған тұрғындар айқын аңғарды. Дей тұрғанмен мерейлі меже әлі де шаруамызды ширатуды талап етеді. Аудан экономикасының негізгі тірегіне айналған ауыл шаруашылығы оның ішінде мал шаруашылығы, егістік, өнеркәсіп өнімдерінің өндірілуі, кооператив құру, бюджеттің орындалуы, шағын және орта кәсіп, жолдардың жай-күйі, ауызсу, құрылыс, туризм, жұмыспен қамту, денсаулық, спорт, жастар мәселесі сияқты негізгі салалардағы өрлеу мен өркендеу, орын алған кемшіліктер түгелдей жиылған жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ биылға жоспарланып отырған іргелі істерге болашаққа бей-жай қарай алмайтын көпшіліктің іштей «бәрекелді» десіп отырғандығы байқалды. Бақалы ауылдық округі тұрғындары атынан зейнеткер Б.Құсайынов, мұғалім С.Баяхмет, ауылдық округ ардагерлері ұйымының төрағасы Қ.Бекбатыров, ауданның Құрметті азаматы М.Қалиасқаров сөз алып, есепке оң бағаларын берді. Жиында сонымен қатар ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу керектігі, жайылымдық жердің аздығы, электрик маманының тапшылығы сауал болып көтерілді. 3173 тұрғыны бар Қойлық ауылдық округінде дәрігерлердің жетіспейтіндігі, егістікке апаратын жолдағы көпірдің сын көтермейтін жағдайы сөз етіліп, ауылішілік иесіз жерлер тәртіпке келтірілсе деген тілектер айтылды. Жарыссөзге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Жақыпбеков, этно-мәдени орталық жетекшісі Т.Лебедева шығып, өзіндік оң пікірлерін білдірді. Ал қарабөгеттік көпшілік тарапынан әл-Фараби бабамыздың атын иемденген білім шаңырағына күрделі жөндеу жүргізілсе деген мәселе қойылды. Мұнда да тұрғындар атынан ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Т.Сүгірбеков, әжелер алқасының төрайымы С.Жанасбекова әкім жұмысын қуаттап, жұртшылықтың жақсы пікірін жеткізді.
Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжановтың, аудан әкімі Марат Разбековтың есепті баяндамасынан соң жарыссөзге шыққан Қарғалы ауылының тұрғыны Талғат Қарамолдинов, жастар атынан сөз алған Данияр Ауғанбаев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Төлеухан Битембиев ауыз суға, жолға қатысты сауалдарын ортаға сала келіп, ауылдағы, аудандағы ауқымды жұмыстарға оң бағаларын берді.
Шатырбай ауылдық округіндегі жиында ауыл әкімі Кенжебек Чарапиевтің, аудан әкімі Марат Разбековтың есепті баяндамаларын көпшілік ықыласпен тыңдады. Жұртшылық атынан сөз алған ақсақалдар алқасының төрағасы Өмірбек Өнерханов аудан тізгінін, ауыл тізгінін жаңадан ұстаған әкімдердің жұмысына сәттілік тілеп, есепті баяндамаларға қанағаттанарлық баға берді.
Аманбөктер ауылдық округінде әкімдердің жұмысын оң бағалаған Есенжол Мүсәпіров, Серікбол Қабылов интернет желісінің жиілігін арттыру, ауыз су сапасын өз сауалдарына арқау етті. Екіаша тұрғындарының жиынында көпшілік тілегін Бақыт Тоқпақова, Айзель Әбділдинова жеткізіп, ауыл мәдениетін арттыру жолындағы ой-пікірлерін ортаға салды.
Амангелді ауылдық округіндегі басқосуда есепті баяндамаларды талқылаған Әбілғапар Мұстафин, Есбала Сүдірбаева үлкен ауылға тойхана, мәдениет үйінің қажеттілігін сөздеріне арқау етті. Алмалы ауылдық округіндегі жыл қорытындысына арналған жиында Роза Чакемова, Ақмарал Қонақбаева, Серікбай Самарқанов, Талғат Жасақбаев су құбыры, мал бордақылау алаңы, мәдениет үйі жайында көкейкесті тілек-талаптарын жеткізді.
Сарқан қаласындағы қорытынды жиынға шақырылғандар атынан ұстаз Наталья Коровченко, студент Айзада Смағұлова сөз алып, қаланы абаттандыруға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
П.Жеңісхан.