
Кербұлақ ауданында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Сарыбұлақ орта мектебінде тағылымды кездесу өтті. Жиынға «Әділет» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Гүлжан Камамбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова қатысып, ұстаздарға стратегиялық құжат жүктеген міндеттерді таразылады.
Гүлжан Каманбаева Жолдауда көтерілген әлеуметтік қолдау шаралары, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы міндеттерді түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытындағы басымдықтарды таразылады.
– Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қоғам өміріне енгізу бағыттары сөз болды. Бұл бастамалар ел экономикасын жаңғыртумен қатар, жастардың кәсіби қалыптасуына, сапалы білім алуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді Гүлжан Камамбаева.

Ал, Кербұлақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбековтың айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жолдауда әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарауға, азаматтардың экономикалық дербестігін қалыптастыруға баса мән берілген. Сонымен қатар спикердың сөзінше, мемлекет басшысы Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау және балаларды қорғау салаларына ерекше назар аударған.
– Мемлекет басшысы Жолдауда білім мен ғылымды дамытуға, адами капиталды нығайтуға, жасанды интеллект пен озық технологияларды кеңінен енгізуге ерекше мән берді. Бұл міндеттер елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, заманауи талаптарға сай маман болып қалыптасуына жол ашады. Бүгінде білім беру жүйесінің алдында тұрған міндет тек оқушыларға сапалы білім берумен шектелмейді. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру, цифрлық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы өзгерістерге бейімделуіне жағдай жасау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, білім саласындағы әрбір бастама ел болашағына бағытталған стратегиялық инвестиция болып саналады, — Бөкен Рысбеков.
Жиын соңында ұстаздар қауымы баяндама жасаушыларға өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Жалпы, кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті.
