Қазақстанда өкілді билік жүйесін жаңарту жалғасуда: енді мәслихаттар жаңа құраммен жұмыс істейді

Биыл Қазақстанда саяси жүйені жаңғырту бағытында бірнеше маңызды кезең жүзеге асты. Жаңа Конституция бойынша референдум өтіп, Құрылтай депутаттары сайланды. Енді осы өзгерістер жергілікті деңгейдегі өкілді органдарды жаңартумен жалғасады.
23 тамызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша жаңа бір палаталы Парламент құрамына 145 депутат енді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров атап өткендей, мәслихат сайлауы өкілді билікті жаңарту үдерісінің жергілікті деңгейдегі қорытынды кезеңі болмақ.
29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда еліміздің 228 мәслихатына 3 447 депутат сайланады. Олардың қатарында 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихаттың депутаттары бар.
Мемлекет басшысы бұл сайлаудың маңызын мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялаумен байланыстырып, білікті әрі кәсіби мәслихат депутаттарының корпусын қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Бұған дейін Мәслихаттар форумында да депутаттардың жауапкершілігін арттыру, ротация және жергілікті өкілді органдардың жұмысын кәсібилендіру мәселелері көтерілген еді.
Жаңа құрамдағы мәслихаттардың алдында тұрғындардың мүддесін қорғау, жергілікті бюджеттердің тиімді пайдаланылуын бақылау және өңірлердің өзекті мәселелерін шешуге атсалысу міндеттері тұр.
Осылайша, кезектен тыс сайлау тек депутаттар құрамын өзгертумен шектелмейді. Ол жаңартылған саяси жүйеде жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Мәліметпен бөлісу: