Сапалы білім саналы ұрпақ қалыптастырады

Бүгін «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының өкілдері және партия жақтастары Арыстанғали Қадырұлы, Ғабит Тұрсынбайұлы, Ержан Есімханұлы, Анар Досмұханқызы және Азиз Абылайұлы Д. Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп-интернаты ұстаздарымен жүздесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының маңызды бағыттарын таразылады.

Алғаш боп мінберге көтерілген Арыстанғали Арын саяси құжатта ел болашағы мен азаматтардың әл-ауқатына қатысты маңызды мәселелер қамтылғанын алға тартты. Айтуынша, қазіргі таңда еліміздің дамуы үшін экономикамен қатар ғылым мен білімге, жаңа технологияларға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Әсіресе, білім беру саласына қатысты айтылған міндеттердің мен үшін маңызы зор. Өйткені елдің болашағы – осы күннің тәрбиелеп отырған ұрпақтың қолында.
– Еліміз үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту ерекше маңызға ие. Меніңше, аталған мүмкіндіктерді білім беру саласында тиімді пайдалану өте маңызды. Өйткені бүгінгі оқушы ертеңгі күні заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман болуы керек. Ол үшін балалардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды дұрыс әрі жауапкершілікпен қолдануға үйрету қажет. Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісінше, білім беру үдерісін жетілдіруге, оқушылардың ізденісін арттыруға және олардың қабілетін ашуға көмектесетін тиімді мүмкіндік. Мемлекет басшысы Жолдауы білім саласының сапалық дамуына серпін береді, — деді Арыстанғали Арын.

Мұнан кейін сөз алған Анар Досмұханқызы Жолдауды одан әрі таразылады. Айтуынша, мемлекеттің дамуы тек экономикамен өлшенбейді.
– Жолдауда мәдениет саласына қатысты мәселелерге де назардан тыс қалмады. Мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық жетістіктермен өлшенбейді. Елдің шынайы өркендеуі оның рухани байлығымен, мәдени деңгейімен, тарихи санасымен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен де тығыз байланысты. Жолдауда білім, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанды қамтитын құрылыс жоспарларының айтылуы – өңірлердің мәдени инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан маңызды мәселе. Өйткені мәдениет ошақтары халыққа жақын, қолжетімді әрі заман талабына сай болуы қажет, — деді спикер.

Жиын соңында қос тарап еркін пікір алмасты. Д. Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп-интернаты ұстаздары саладағы өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.

Мәліметпен бөлісу: