ЕЛ АНАСЫ

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Бәтима Сақауованың туғанына биыл 1 ғасыр толды. Б.Сақауова — жастайынан ел ісіне араласып, Бәйкен Әшімовпен бірге Талдықорған облысын құруда білек түре еңбек еткен, ерлермен бірге атқа қонып, Жетісу өңірінің идеологиясының мығым болуына, әлеуметтік дамуына бар білімі мен күш-жігерін жұмсаған жан. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Талдықорғанның тұралап қалған шағында елдің сабыр сақтап, бірлігінен ажырамауына, қиындықты қайыспай көтеріп шығуына жігер берген ақылман анасы да, данасы да болған осы Бәтима Сақауова сынды ел тұтқалары болатын.
Өмірі еңбекпен өрілген Бәтима Есболатқызының шежірелі ғұмыры жас ұрпаққа таусылмас үлгі-өнеге.

Ой — санам өткен күнді сараласын,
Қиялым қияндарды араласын.
Ел — жұрттың жүгін талмай көтеретін,
Көрдім мен салиқалы ел анасын.

Уәжінде ақыл, пайым, толғам тұнар,
Тым асқақ парасаты — самғау, шынар.
Кешегі Мұрын, Қызай, Домалақтай,
Аналар дәл осындай болған шығар.

Жүздестім нұр келбетпен жаз шырайлы,
Мұндайда шабыт қалай шалқымайды.
Тілдестім қазыналы кемеңгермен,
Кеудеме қондырғандай алтын айды.

  • Айтарым бар, хош көрем арылуды,
    Байқадыңдар қуатым, қарымымды.
    Дейді ана: — осы естелік сәулесімен,
    Түсіре алсам шуағым, жарығымды.

Оқыдым, ойға түйдім жазғандарын,
Өмірдің мектебінен алған нәрін.
Өзі де өнегенің қайнар көзі,
Алдынан түлеп ұшқан алуан дарын.

Мадаққа, марапатқа жарылмаған,
Сыйлаған дархан пейіл, сабыр ғалам.
Жаратқан жазмышына сағы сынбай,
Сынағын тағдырдың тік қабылдаған.

Мейірі Жерұйығы — даласындай,
Саңлақ жан ел сыйлаған бар осындай.
Пірі боп Жетісудың қыздарының,
Жүрді ол Би — Батима анасындай!

Жомарт ИГІМАН,
Жетісу облысының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: