1989 жылдың 15 ақпаны 10 жылға ұласқан Ауғанстан жеріндегі соғыстың ресми аяқталған күні болып есептеледі. 110 айға созылып көптеген адамдардың өмірін жалмаған соғыстың аяқталғанына биыл 30 жыл толды. Осыған орай, Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Ұмытылмас ерліктер» атты салтанатты шара өтті.
Алдымен аудан әкімі Марат Разбеков бастаған ауғандық ардагерлер «Жастар» саябағында жат жерде оққа ұшқан жерлес жауынгерлердің құрметіне бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар бір минуттық үнсіздікпен есіл ерлерді еске алып, рухтарына тағзым етті. Мәдениет үйінде өткен шара шымылдығын аудандық жастар ресурстық орталығы арнайы дайындаған бейнебаян түрді. Бейнефильм барысында ардагерлеріміз Ауған жерінде өткен қиын кезеңдерді еске алып, өмір мен өлім арпалысқан сәттерін толғаныспен жеткізді. Ардагерлерді аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шара барысында Марат Мелісұлы мен аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов 30 жылдыққа орайластырылып жарық көрген «Ұмытылмас ерліктер» атты кітаптың тұсауын кесті. Қазақстандық жауынгерлердің қатарында өздерінің интернационалдық борыштарын абыроймен атқарған ауғандықтарға айрықша құрмет көрсетілді. Атап айтқанда аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқтасынұлының кеудесін аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов салтанатты жағдайда табыстаған «ауданның Құрметті азаматы» белгісі көркейтсе, барша ауғандықтарға арнайы қолсағаттар мен Алғыс хаттар беріліп, құрмет көрсетілді.
Бұл күнге жете алмаған жерлес ауғандық жауынгерлердің де есімдері ескерусіз қалмады. Олардың етжақындарына естелік сый-сияпат көрсетілді. Сахна төріне көтерілген ауданның Құрметті азаматы Садуақас Садықов, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов, Ауған соғысы ардагерінің жары Зулхабира Атабаева жүрекжарды лебіздерін ақтарды.
Аудан өнерпаздары арнайы дайындаған концерттік бағдарлама сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, ортақ тағдыр біріктірген ардагерлердің көңілін толқытқандығы сөзсіз. Шара барысында рухты әндер шырқалып, әсем билер көрерменге ұсынылды. Бұл күндер тарих қойнауына көшкенмен, адамзат санасынан өшпейді. Жауқазын жастық шақтарының бір бөлігін оқ пен оттың ортасында өткізіп, Отан бұйрығын үнсіз орындаған жауынгерлердің қайсарлығы қашанда ел есінде. Өйткені ерлік — елге мұра, ұрпаққа — аманат.
П.ЖЕҢІСХАН.