Сарқан ауданының Балқаш көлі жағалауында орналасқан «Solid Metals» ЖШС алтын өндіру жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айынан бастамақ. Оған 1 млрд. 635 млн. теңге инвестиция тартылған, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сарқан ауданының әкімі Марат Разбековтың айтуынша, зауытқа бүгінгі күні барлық техникалар алынып, дайындақ жұмыстары пысықталуда.
«Аудан экономикасы былтырғы жылы қарқынды даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп, бірқатар зауыттар іске қосылды. Ендігі, 2019 жылға да өнеркәсіпті алға жылжыту шеңберінде жобалар өтте көп. Соның бірі алтын шығару зауыты. Ол өз жұмысын бастаса, 60-қа жуық адам вахталық жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда алтынның сынамалары алынып, зертханаларда тексеріліп оң нәтижелер көрсетуде» ,- дейді ол.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық саласында өткен жылы айқын өсім байқалған. Мәселен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі 1 млрд. 334 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 107% көбейді.
Аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін бүгін көріп отыр. Атап айтқанда, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жалпы 166 млн. теңгеге несие алынып, нәтижесінде 203 бас ірі қара мал, 248 бас ұсақ мал, 7 бас жылқы малы сатып алынды.
Есепті кезеңде тірі салмақтағы мал мен құс еті 13 120 тоннаға, сүт 34 420 тоннаға, тауық жұмыртқасы 10 млн. дана өндірілді.
Экономиканың дамуында туризмнің алар орны ерекше. Осы орайда биылғы жылы Черкасск ауылында 40 адамға арналған қонақ үй мен шаңғы базасының құрылысын «Аманат — а» серіктестігі бастаған, бірнеше күн бұрын бұл базаның 1 кезеңінің ашылуы болып өтті. инвестициялық құны 301,9 млн теңге.
Келешекте бұл жерде 33 жатын бөлмесі бар қонақ үй салынып, демалушыларға барлық жағдай жасалынатын болады.»,-деді Марат Разбеков.
Сонымен қатар бүгінгі таңда облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге және оны күтіп ұстауға 680 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде: Лепсі ауылының ішіндегі 4 шақырым жол 218,0 млн. теңге, Көтен тауіп атаның басына барар жол 40,0 млн. теңгеге, Қызыл Қайың-Лепсі жолының жалпы 30 шақырым жеріне 320,0 млн. теңнге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы осы жұмыстар жалғасатын болады.
Аудандық маңызы бар жолдарға қаражат бөлініп 210,0 млн. теңге, Сарқан қаласы көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауданымыздың жас IT — мамандары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қолдап елімізде алғашқы болып, ауыл шаруашылығының дамуына оң серпін беретін «Малбазар» мобильді қосымшасын жасап, іске қосты. Қазір бұл қосымшаны Еліміз бойынша 100 мыңға жуық адам ұялы телефондарына жүктесе,
сайтты күніне 2000 аса адам пайдаланады.
Сондай-ақ аудан әкімі Марат Разбеков 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті.
Ауылшаруашылық бойынша өндірілген өнім көлемін 35 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. 2018 жылы 33 млрд. 514 млн, салыстырғанда 1 млрд. 486 млн-ға артады.
2019 жылы 2850 га қант қызылшасы себіледі, өткен жылмен салыстырғанда 850 га артады.
Сонымен қатар, «Арлан» қожалығы 3000 басқа арналған 1 млрд теңге болатын мал бордақылау алаңын салуда.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 4 млрд. 90 млн. теңгеге жеткізілу болжануда.
2019 жылы 8 млрд. теңгеге инвестиция тарту болжануда. 2018 жылы 7 млрд. 154 млн, салыстырғанда 846 млн-ға артады.
Құрылыс жұмыстарының көлемін 6 млрд. теңгеге жеткізу және 6000 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 2018 жылы 4 млрд. 442 млн, салыстырғанда 1 млрд 658 млн-ға артады.
Бюджеттің кірісі 1 млрд. 400 млн теңгені құрайды деп болжануда, оның ішінде өз табысымызды 469 млн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
2019 жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына 320 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілетін болады.
2019 жылы – 705 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Айта кету керек, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сәйкес биылғы жылы Тополевка ауылында «Сиверс алмасының гүлденуіне» арналған фестивалі ұйымдастырылмақ.
Олжас ҚҰРМАШЕВ
Сарқан ауданы әкімінің баспасөз хатшысы