Кемел келешегіміз үшін

Күні кеше кешкі сағат 19.00 дегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың телеарналардан берілген мәлімдемесі көпшілікті толқытпай қойған жоқ.

Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­– оңай шешім емес, -деді Нұрсұлтан Әбішұлы.- Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді.

Бұдан әрі Елбасы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білгенімізді, мұнай-газ  секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алғанымызды, еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтергенін нақты мысалдармен тыңдармандарға жеткізіп, өткен барлық сайлауларда  сенім артып, бастамаларына  қолдау білдірген барлық қазақстандықтарға алғысын айтты.

-Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді, -деп Нұрсұлтан Әбішұлы  сөзін түйіндеді де Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына берілетінін, сондықтан ел басқару жауапкершілігі   барлық лауазымдарды қызмет атқарып мол тәжрибе жинақтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүктелетіндігін көпшілікке жеткізді

Бүгін, түскі сағат 12.00-де Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы басталды. Отырыста Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант береді. Бірлескен отырысқа ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, Сенат депутаттары, Мәжіліс депутаттары қатысты. Алқалы мәжілісте Тұңғыш Президентіміз Халық қаһарманы атағына ие болып, өңіріне Алтын жұлдыз қадады. Астананы Нұрсұлтан қаласы деп атау жөніндегі ұсыныс  қолдау тапты. Бұл ұсынысты қалың қауым шын ниетімен  қолдайды. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Астананың заманауи қалыпта көрген жұрттың таңдайын қақтырып ғажайып қала болып салынуы қиын кезеңде елдің рухын көтерген ізгі қадам болғаны баршаға белгілі.  

Қорыта айтқанда аптаның екі күні ел –жұрттың назары Ақордада болды. Халықтың тілегі Нұрсұлтанның нұры жолының жалғасын табуы.

Жомарт ИГІМАН,

Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің директор-бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі

Мәліметпен бөлісу: