Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні — жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше. Әр жылдан жақсылық пен жаңалық күтетін халқымыз биылғы Наурызды да ерекше қарсы алды. Мәселен, Лепсі ауылында Наурыз мерекесі айрықша аталып өтті.
Құттықтау сөзімен мерекелік шараны Лепсі ауылдық округінің әкімі Г.Серікбаева ашып, ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні — бірлік пен береке мерекесімен құттықтап, Наурызды тек қазақ ұлты емес, елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыс бірге атап өтетіндігіне тоқталып өтті. Ауыл әкімдігі мен мәдениет үйінің қызметкерлерінің белсенділігімен ұйымдастырылған, сондай-ақ ауылдағы мекеме ұжымдары құлшыныс танытқан мерекелік шара өзгеше бояумен әрленіп, жиналғандарға айрықша көңіл-күй сыйлады. Ұлыстың ұлы күні бұл ауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты салт-жоралғылар жасалды. Мерекелік концерт аясында өнерлі жастар мың бұрала билеп, ән мен күйден, жырдан шашу шашты. Көктемгі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына тыл еңбеккерлер, зейнеткерлер, жасы үлкен қариялар арнайы шақырылды. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарханнан дәм татты. Наурыз дастарханында көпшілік наурыз – көже, шұбат, қымыз, қазы-қарта, құрт, сүзбе, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Сондай-ақ, ауыл жастары мен мектеп оқушыларының асық ойнау, арқан тарту, қол күрес және қазақша күрес сынды ұлттық ойындардан жарысқа түсуі мерекенің шырайын кіргізді.
Мадина Смакова,
Лепсі ауылының жастар ісі бойынша әдіскер нұсқаушысы.