«Шебердің қолы алтын», – дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Асыл тастан сән бұйымын соққан, жүннен көздің жауын алатын тоқыма жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Сондай қолы шебер әжелердің бірі – Сарқан ауданына қарасты Бақалы ауылының тұрғыны Қабида Ілиясқызы.
Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Сан алуан түсті маталарды қиюластырып, қиықтарды үйлестіріп, құрақ көрпе жасап, тысын тігетін ісмер апа-әжелер қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық.
Кейіпкеріміздің ине-жіппен достығы 15 жасында басталыпты. Әуелі үйдегі жыртылған киім-кешекті жамап, уақыт өте төсек-көрпелердің тыстарын тіге бастаған. Ол кезде көрпелерге құрақ салмайды. Матаны ұзыннан қиып, тіге беретін. Бүгіндері жасы 70-ке жақындаған Қабида әжей өзінің білгенін қызыққан жандарға көрсетіп, үйретуде. Ақкөңіл әже жасап жатқан көрпе тыстарын көрсетіп, әңгімесін айтты.
– Құрақ көрпе тыстарын тігуге үш-төрт күн уақыт кетеді. Қиықтарды сызғышпен өлшеп, түп-түзу қылып қиып аламын. Көрпетыс сәнді болу үшін түстерінің сәйкес келуі, қиып алған қиықтарының бір-бірімен үйлесім табуы маңызды. Жүрген жерімде өзгеше, ерекше дүние көрсем, суретке түсіріп, сол дүниені жасағанша асығамын. Құрақтан құрап, көрпенің тысын жасау – үлкен еңбек. Біраз уақытың кетеді. Сонда да жаным қалайтын іс болғасын тастағым келмейді, – дейді кейіпкеріміз.
Халық арасында құрақ сөзінің мағынасы «Құдай құрастырсын» дегенді білдіреді деген пікір бар. Бұрындары өмірге келген перзенті шетіней берген ерлі-зайыптылар ел ішінде мата қиындысын жинап, бір-біріне жалғап, құралған матадан «құралсын, көбейсін» деген ырыммен көйлек тіккен немесе көп жыл зарыға күткен перзентін «Тіл-көзден аман болсын» деген ниетпен құрақ көрпеге ораған. Жаңадан қосылған шаңырақ иелеріне де «Дүние құралып, мал-мүлік бітіп, үй болып кетсін» деген тілекпен құрақ көрпе-көпшік сыйлаған.
Қабида Ілиясқызы көрпе-жастықтарды тек өзі ғана жасамайды. Қайын сіңлісі Шәкира Төлеубаева мен көршісі Бақыт Өмірбаева да өз үлестерін қосады. Яғни, біреуі астарын астарласа, енді бірі оюын салады. Барлығының жасаған көрпе-жастықтары ерекше әдемі. Таңдалған маталары, өз қолымен өрнектеп ойған ою-өрнегі, ішкі салма материалдары табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді.
«Мен «мынаны үйретші» деп ешкімге өтініш жасамай-ақ, бәрін қарап отырып, іс тігуге машықтанғанмын», – дейді ол. Көздің жауын алар қызылды-жасылды құрақ көрпені шебер көбіне мата қиындысынан тігеді. Өз қолөнер бұйымдарын пұлдаған емес, отбасына, ағайын-туысқа деп беріп жүр. Кейде «қыз жасауына қажет» деп қолқа салғандарға қол ұшын созады.
– Жалпы әйел затының ісмерлікке жақын болғаны дұрыс. Өзім қолыма ине-жіп алсам, санам сергіп, рахаттанып қаламын. Одан бөлек, іс тігу әйел адамдарды сабырлылыққа, үнемділікке, төзімділікке үйретеді. Құрақты түрлі түсті маталардан құрайтындықтан адам ойының ұшқырлығы, қиялы артады. Әсемдікке, әдемілікке құштар бола бастайсың. Үнемі құрақ құрап жүргеннен кейін бояулардың сырын біліп, дүниетанымың кеңейеді. Сондықтан икемі болса, әйел адамдарға іс тіккен өзі үшін де, отбасы үшін де пайдалы, – деп ақылымен бөлісті ісмер әжей. Ол бүгінде қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойып, қолөнер туындыларын қайта жаңғыртып қоймай, келер ұрпаққа да үйретіп, аманат етіп қалдыруды парызы санайды.
– Қолдың көрпесі мен дүкенде сатылып тұрған көрпелердің айырмашылығы жер мен көктей. Атап айтар болсам, қол шеберлері кез келген құрақ көрпенің ең бірінші қандай мақсатқа арналғанына назар аударады. Мысалы, қыз жасауы болса ондағы ою-өрнек қыздың өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, туған ұясы туралы мәлімет беруі керек. Әрбір ана осы көрпелердегі ою-өрнек арқылы өзінің сүйікті қызына жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді. Сонымен қатар, қолдың көрпесі дүкен көрпесінен жылылығымен, ішіне салған салмасының жылжымай қапсырылып тігілуімен, ұзақ уақытқа жарамдылығымен бағаланады. Сондықтан да, қазір қолөнер туындыларының қыз бала жасауында алар орны зор. Әрине, көрпе құрау оңай емес. Бастапқыда бәрі бірден ойдағыдай шыға қоймайды. Десе де, құрақ құрау үшін де есеп керек. Қалай десек те ұлттық құндылықты құлдыратып алмау өзімізге байланысты екенін естен шығармау қажет. Мәселен, қай ел біздің халық секілді қошқар мүйізіне барынша көңіл бөліп жүр? Мұндай халық жер бетінде жоқ. Тек қазақ халқы ғана ата-баба аманатына қиянат жасамайды, – дейді ісмер.
«Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол». Дәл осы нақыл сөзді өмірлік ұстанымы еткен қолөнерші Шәкира Төлеубаева, Бақыт Өмірбаева үшеуі бірлесе 15-20 күннің ішінде бір қыздың жасауын жасаған. Өз ісінің үш шебері қаншама бойжеткеннің жасауына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Одан бөлек, бау-бақша өсірумен айналысатын ісмер әжейдің еңбекқорлығы бөлек тақырыпқа жүк боларлық әңгіме. Бастаған ісін аяқтағанша тыным таппайтын әжейдің аналық жүрегімен көз майын тауысып, құрап берген құрақ көрпелері талай жастың құралып, үй болып кетулеріне ықпал етіп жатқан да шығар?!
Бүгінде Қабида Ілиясқызы аяулы ана, ардақты әже. Ол 5 баладан 14 немеренің қызығын көріп отыр. Біз де өз тарапымыздан жаны сүйген іспен айналысып, айналасына шуақ сыйлап жүрген кейіпкеріміздің деніне саулық, жанарына шырақ, қолына қуат тілейміз.
Еңлік ҚАБДЕШ