Тазалықты бүлдіруге қарсылық бүкілхалықтық сипат алса игі…

Естиміз. Қызығамыз. Өркениетті елдерде қоғамдық орынға тасталған қоқыс жұртшылықтың наразылығын тудырады деседі. Ал біздің етіміз үйреніп кеткен. Қоңсымыз үйінің маңын атқораға айналдырып жібереді. Жылдар бойы күл-қоқыстарын көшенің ортасына тастайды.  Танысымыз ит-мысықтарын қараусыз қалдырып, олардың ебедейсіз көбеюіне және қаңғыбастануына жол береді. Жөнін айтып, тазалықтың жолын көрсетсең құлағына ілмейді. Қожанасырлығыңа күледі. «Керек адам өзі тазалап алсын» деп жөн-жоба көрсеткендердің төбесінен қарайды.

Елді мекендердің еңсесін түзу, ауылды абаттандыру мақсатында жыл сайын көктем мен күзде тазалық айлықтары өтеді. Рас, орталық көшелер жөнге келіп қалады. Алайда, жыл он екі ай бойы тазаланбай, қожайынның жоқтығынан көзден таса қалатын шағын қиылыстар, бұрылыстар, немқұрайлы тұрғындарымыздың салақтығынан адам көргісіз азып-тозған аулалар аз емес.

Биыл да наурыздың 15-інен бастап апта сайын сенбіліктер өткізілуде. Жол жиектері, дүкендердің сырт келбеттері, қоқыс төгетін орындар ретке келтірілуде. Аудан бойынша абаттандыру іс-шаралар барысында бас арық жүйелері, автомобиль жолдары, көшелер тазартылуда.  Өкінішке орай бүкілхалықтық шара мекеме-ұйым ұжымдарының күшімен ғана жүзеге асырылып келеді. Санитарлық тазарту шараларына жергілікті тұрғындарды тарту әлі де ойдағыдай емес.

Мысалы Сарқан қаласы бойынша «Жастар» паркінде, М.Тынышбаев атындағы орталық алаңда, арбатта және фонтан маңында орналасқан орындықтар  мен қоқыс жәшіктері боялды. Қоғамдық орындардағы ретсіз орналасқан ағаштар кесіліп, көше бойында жиналған қоқыстар қала сыртындағы қоқыс орнына шығарылды.

Мекеме-ұйымдарды көше-көшелерге бөлгенде сол учаскедегі тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру жүктеледі. Іс жүзінде, бірақ, олай емес. Мәселен Байтұрсынов көшесіндегі 38 үйдің тұрғыны ауызша ескертулерге қарамастан ауласын тазартуды күнде ертеңге қалдырады. Осындай жауапсыз тұрғындардың жауапкершілігін арттыру тиісті орындардың міндеті емес пе?

Жуырда қала әкімдігі учаскелік инспекторлармен  бірге көшелерді аралап, маңайына жауапсыз қарап жүрген бірқатар тұрғындармен әңгіме жүргізді. Атап айтқанда Тәуелсіздік көшесіндегі №152, Чепрасов көшесіндегі №98 үйдің тұрғындарына жазбаша ескерту берілді. Қорытынды шығарылмаса осы санаттағылар айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Тазалықты бүлдіруге қарсымын,

Осы менің баян тапқан бар шыным.

Тазалықты бүлдіргенді көргенде,

Тартқылаймын төзімімнің талшығын.

Тазалығым  сақталмаса… мұнша мұң,

Сияр ма екен жүрегіме бұл шағын?

Көмпіс болып кетпесін деп көңілім,

Көздің нұрын көркемдікке жұмсадым.

Бойымызда жұмбағы мол дәуір бар,

Барымызды бағалайық, бауырлар.

Тазалығы бүлінсе су-умен тең,

Тазалығы таусылса ауа-ауырлар.

Жомарт Игіман.

Мәліметпен бөлісу: