Еңбегіне қарай құрмет

Саналы ғұмырын салауатты өмір салтына арнап, ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп жүрген жаттықтырушы Серікбек Досымовты Көкөзек ауылы ғана емес, Сарқан ауданы жақсы біледі. Кішіпейіл болмысымен еркін күрестің қыр-сырын жасөспірімдерге үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы жуырда зейнеткерлік жасқа толды. 

12-13 сәуір күндері аралығында,  Сарқан қаласында еркін күрестен 2007-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында  Көкөзек ауылының тұрғыны, Сарқан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы Досымов Серікбек Қадырұлының 63 жасқа толуына және зейнеткерлікке шығуына арналған облыстық турнир өткізілді.   Турнирдің ашылу салтанатында Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Кубентаев және спорт ардагерлері сөз алып, спорт саласында жетістікке жетіп жүрген жаттықтырушы жайында ізгі лебіздерін ортаға салды. Осы жарысқа 6 команда қатысып, Сарқан ауданы 1 орын, Қапшағай қаласы 2 орын, Ақсу ауданы 3 орынға ие болды. Сарқан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы турнир иегерін зейнеткерлікке шығуымен шын жүректен құттықтап, бағалы сыйлықпен марапаттады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: