Талдықорғанда жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы қарсаңында ақын рухына құран бағышталып, ас берілді.

Айтулы басқосуда құлагер ақынның жерлесі, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы өткенімізді таразылау рухымызды өсіретінін айтып, шараның мәнін салмақтады.

Ақынын ардақтауға арналған басқосуға Қазақстан Жазушылар Одағынан жиырма шақты ақын-жазушы республиканың түкпір-түкпірінен келді. Асқа арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

– Өздеріңіз білесіздер, Талғар ауданының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-мемориал қойдық. Жыл сайын барып, жазықсыз жапа шеккен боздақтарымызға арнап, құран бағыштап, рухына тағзым етеміз. Ақын атамыздың туған жері Жансүгіров кентінің көркеюіне барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Рухты жаңғыртуға арналған «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы барысында бөлінетін қаржыдан аудан орталығын көркейту мен абаттандыруға, су, жол тартуға тағы да қаржы бөлеміз, – деді.

Шарада қазақ журналистикасының жампоздары Қали Сәрсенбай, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкеновтер сөз алып, Ілияс Жансүгіров шығармаларының әлемдік әдебиетте алар орнын әңгімеледі. Облыстың абыз ағасы Наурыз Қылышбаев қызың – бек, ұлың – сес болсын деген ізгі батасын беріп, мерейтой қорына өз қалтасынан қаржы қосты. Ас беру рәсімінде Ілиястың келіні Қарлығаш және немересі Фатима ортаға шығып, ақын рухын асқақтатқан ел-жұртқа алғысын білдірді.

Аста қонақтар республиканың түкпір-түкпірінен келіп, қоғам қайраткері, аса дарынды ақын, журналист Ілияс Жансүгіров жайлы ой толғады. Жиналғандар алдағы өтетін тойда атқарылатын шаралар, қосатын үлестері жайлы айтты. Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді деп аталы сөз айтқан ақынның тойы алдағы күзде туған жері Ақсуда тойланбақшы.

Мәліметпен бөлісу: