Өткен аптада тұмса табиғаты талайлардың таңдайын қақтырған Жоңғар Алатауының етегінде, Тополевка ауылында Алматы облысының туризм басқармасы, аудандық әкімдіктің және «Парыз» Сарқан ауданының еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сиверс алмасының гүлденуі» атты фестиваль өтті. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған аталмыш фестивальдің мақсаты дүниежүзіндегі алманың атасы саналатын жабайы Сиверс алмасының шығу, таралу тарихын кеңінен насихаттау арқылы жер жаннаты — Жетісу өлкесіне, «Жоңғар Алатау» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркіне туристтер ағымын арттыру. Шараға түрлі бірлестіктер, туристік компаниялар, блогерлер, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары көптеп жиналды.
Шараның ресми бөлігін аудан әкімі Марат Разбеков құттықтау сөзімен ашып, өңірімізде туризмді дамытудың мол мүмкіндігі бар екендігін атап өтті. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашумен қатар, толағай табыс көзі болатындығына айрықша мән берген Марат Мелісұлы қолда бар құндылықтарды қадірлей білудің маңыздылығын айта келе, аталмыш шараның өскелең ұрпақты ел мен жер тарихын танытудағы, туған өлке табиғатын қастерлей білуге тәрбиелеудегі орны өлшеусіз екендігін алға тартты. Бұдан соң Алматы облысының туризм басқармасы басшысының орынбасары Арқау Шантаев, туризм саласының сарапшысы Бақыт Қамалқызы, Алматы қалалық «Алма қала» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Болат Қажыақбар, «Литер» газетінің тілшісі Мира Мустафина өз лебіздерін ортаға салса, «Жоңғар Алатауы» МҰТП-ның бас директоры Марат Қабиев алма атаулының атасы болып табылатын Сиверс алмасы туралы толыққанды баяндама жасап, көпшіліктің бұл тұрғыдағы танымын тереңдетті. Фестивальге арнайы келген «Бастау» тобы әуелете ән шырқаса, аудан өнерпаздары да көп көңілін көтеруге қызмет етті.
Өзен жағалай қоныстанған он қазақ үйдің іші ұлттық нақышта безендіріліп, өз көрермендеріне есіктерін айқара ашты. Сонымен қатар он екі шатыр тігіліп, оларға осы өңірді мекендейтін жан-жануарлардың сан түрлі тұлыптарынан экспонаттар орналастырылып, көз жауын алар ұлттық қолөнер бұйымдарынан, бал өнімдерінен көрмелер қойылды. Сондай-ақ аталмыш фестиваль аясында өткен спорттық шаралар да өз көрермендерін көптеп жинады. Атап айтқанда ұлттық спорт түрлерінен теңге алу, аударыспақ және туристік бағыттағы ойындардан тұрған жерді компоспен бағдарлау, уақытқа палатка құру, гір тасын, тұлып көтеру, шалма салу, балық аулау сияқты ептілік пен еті тірілікті, жылдамдық пен күштілікті сарапқа салған сайыстар өз жеңімпаздарын анықтады. Әсіресе «Сумо», «Бампербол» сынды ойындар жанкүйерлер делебесін қоздырып, көпшілік көңілін көтерді. Көпшілікке тегін күріш, бауырсақ таратылып, арнайы сауда-саттық орындары қызмет етті.
П.Жеңісхан.