Алматы облысының Сарқан ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің оқушысы Құрманбек Ақжолды сыныптастары «Біздің Илья Ильиніміз» деп атайды екен
Ауыр атлетикамен əуестенетін балғын спортшы қазірдің өзінде бірнеше дүркін ел чемпионы болып үлгерген. Ал жақында Қостанай қаласында өткен жастар арасындағы додада 127 кг зілтемірді қиналмай көтеріп, Қазақстан рекордын жаңартты. 2005 жылы туған балалар арасында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына Сарқан ауданынан 3 спортшы барған екен. Барлығы жүлдемен оралды. Құрманбек Ақжол ел чемпионы атанып, зілтемір көтеруде жаңа рекорд орнатса, Əскербай Əлихан өз салмағында 1-орынды жеңіп алды, ал қыздар арасындағы бəсекеде жүлделі 3-орын Айзере Ерденқызына бұйырды. Алыстағы ауылдан шығып, Қазақстан чемпионатында топ жарған сарқандық ауыр атлетшіл балаларды аудан əкімі Марат Разбеков арнайы қабылдап, ел атынан алғыс білдірді. Өңірде саламатты өмір салтын сақтау мен спортты дамытуға лайықты көңіл бөлініп отырғанын айтқан аудан басшысы болашақта қазақ спортының жұлдыздарына айналатын балаларға сый-сияпат көрсетті.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan» №92,17 мамыр.