2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Рухани қазынамызды дамытуда және мәдени дәстүрлердің ілгерілеуі мен сақталуында мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор.
Өткен аптада атаулы күнге орай аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің мерейін үстем еткен жиын болып өтті. Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімі Марат Разбеков саялы өңір әрдайым қасиетті өнердің алтын бесігін тербетіп, біртуар тұлғаларды өмірге әкелген киелі өлке екендігін өз сөзіне арқау етті. Ауданда мәдениет саласына бөлінетін қаржының көлемі жыл сайын ұлғайып, оған тиісті нысандар күрделі жөндеуден өткізіліп, олардың материалдық-техникалық негізі нығайтылып жатқандығын тілге тиек еткен Марат Мелісұлы баға жетпес байлық — рухани қазынамызды сақтауда, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде сала қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегін орынды атап өтті.
«… Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды»,- деген болатын Елбасы. Ал осынау саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жандар қандай құрметке болса да лайық. Марапаттау рәсімінде аудан басшысы облыстық «Үздік мәдениет қызметкері» номинация жеңімпазы аудандық мәдениет үйінің директоры Ықылас Құттыбековқа облыс әкімінің дипломын табыстаса, аудандық орталық кітапхана басшысы Гүлнар Мұхамедқалиеваға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің шебері», аталмыш ұйым қызметкері Айсұлу Сейполдинаға ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерін өңірлеріне қадады. Сондай-ақ бірқатар сала үздіктері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов, мәдениет саласының ардагері Гүлжан Қисабекова атаулы күнге орай жылы лебіздерімен бөлісті. Жиынды мерейлері өскен мәдениет саласының өкілдері әсем сазбен әрлеп, түйіндеді.
П.Жеңісхан.