Жақында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында инвестициялық форум болып өтті. Аталмыш форумға төрағалық еткен аудан әкімі Марат Разбековтың алғысөзінде айтылғандай шараның басты мақсаты ауданға инвестиция тарту, сол арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту. Алғашқы баяндаманы жасаған Марат Мелісұлы мұндай басқосулардың аймақ кәсіпкерлеріне ұсынары мол екендігін айта келе саялы өңір кәсіпкерліктің жан-жақты, көп салалы өрістеуіне зор мүмкіндіктер беретіндігіне тоқталды.
Оның ішінде туристік кластерді дамытуға аса ыңғайлы Балқаш көлінің жағалауы, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің түрлі бағыттарының әлеуетін орынды пайдалану, жергілікті жердегі индустриялық-инновациялық дамудың қазіргі жай-күйі де аудан басшысының жан-жақты баяндамасынан көрініс тапты.
Бұдан соң Алматы облысын өңірлік дамыту орталығының маманы Алмас Умирбеков мемлекет тарапынан кәсіпкер қауымға жасалатын көмектер мен сан түрлі жеңілдіктерді арнайы слайд арқылы баяндады. Келесі мінбеге көтерілгендер аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мадияр Қожахметов аудандағы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жүзеге асу барысы жайында, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Абдраимова аграрлық салаға қатысты бағдарламалардың орындауы хақында айтып өтті. Жиын соңында жиналғандар кәсіпкерлікке кедергі болып отырған мәселелер бойынша сұрақ-жауап алмасып, өз ойларын білдірді.
Өз тілшіміз.