Біздің өңірде жасаған жақсылығының өтеуін күтпейтін атымтай жомарттар аз емес. Солардың бірі Дәулет Көпесов Рамазан айында жылқы сойып, аз қамтылған 10 отбасына таратты. Сонымен қатар балалар мерекесіне орай көп балалы Ғабит Ахмадиев пен Гүлсара Әбдікәрімованың отбасына сауын сиыр тарту етті.
— Гүлсара біздің мектеп — лицей асханасында аспаз болып істейді,-дейді қуанышты хабарды сүйіншілеп жеткізген осы оқу орнының директоры Күлшат Мұқашева — Ораза айындағы тосын сый осы отбасындағы бес баланы қуанышқа бөлейтіні анық. Бір отбасының балаларының аузын аққа тигізген Дәулет Қонысбайұлы сынды жомарт жүректі жандар адамдардың алғысымен Алланың шапағатына бөлене берсін!
Біз де қолда барын төңірегімен бөлісіп, айналасының алғысына бөленіп жүрген абзал азаматтар сапы нығая берсін деген ниет-ықыласымызды ортаға саламыз.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.