23 маусым — Қазақстан Республикасының полиция күнін еліміздің барлық тәртіп сақшылары атап өтеді. Азаматтарымыздың алаңсыз өмірі үшін қоғамдық тәртіптің қорғаушысына айналған осынау күштік құрылым өкілдері өткен аптада аудандық мәдениет үйінде төл мерекелерін атап өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Ғалымжан Қанатұлы өз сөзінде:
«Құрметті ішкі істер органдарының қызметкерлері және ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке құқық қорғау органдарының қызметіне көрсетілген құрмет деп білемін. Елімізде ішкі тұрақтылықтың сақталуы, тыныштықтың болуы — полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты. Осы жауапты міндеттерді орындауда аудандық ішкі істер бөлімінің ұжымы да елеулі үлес қосып келеді.
Құрметті құқықтық тәртіп қорғаушылары! Әрбір полиция қызметкері өзіне үлкен жауапкершілікті жүктеп, қызметтік міндеттерін адал атқарып халықтың сеніміне ие болып келеді. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, ашық аспан, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін!» — деді.
Мерекелік лебізді аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев жалғап, ел егемендігін нығайтудағы сала қызметкерлерінің өлшеусіз еңбектерін тілге тиек етті. Аға буынның жүйелі жетістіктері жас полиция қызметкерлеріне жарқын үлгі екендігін сөзіне арқау еткен Ербол Айтқалиұлы әріптестеріне деген лебізін ақтарды.
Мереке шырайын бірқатар қызметкерлерге табыс етілген аудан әкімінің Алғыс хаты және аудандық полиция бөлімінің мадақтамалары одан әрі кіргізіп, сала өкілдерінің бір-біріне деген құрметіне ұласты. Сондай-ақ мереке барысында бірқатар полиция қызметкерлеріне ауданымыздың шаруа қожалық басшыларының демеушілігімен ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен түйінделді.
Өз тілшіміз.