Домбыра – қазақ тарихының дастаны

«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра», — дейді ақын Қадыр Мырза-Әлі. Бұл сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар? Оның бойында нағыз қазақылық тұнып тұр. Оның бойында күллі қазақтың тарихы, мұң-зары, қуаныш-қайғысы, өткені мен бүгіні бар. Сондықтан да болар, қай үйді қарасаң да қасиетті домбыраның алар орны — төр. Бұл бір ғана музыкалық аспапты ғана емес, күллі казақты, тарихыңды құрметтеу.

Сондықтан да 2019 жылдың 1 шілдесінде М.Төлебаевтың мемориалды музейінде Домбыра күніне орай «Домбыра – қазақ тарихының дастаны» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме мақсаты ата бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызғушылық сезімін оятып және өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыру. Көрменің ашылу салтанатында мәдениет үйі қызметкерлері ән айтып, Ушинский орта мектебінің оқушы қыздары домбыра биін биледі. Сонымен қатар Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушысы Рысбек Ануардың орындауында Құрманғазының «Балбырауын» және «Сарыарқа» күйлері шертілді. Көрме барысында экспозицияға қойылған домбыралардың тарихы және қазақ мәдениетіндегі айрықша орны туралы айтылды. Шара соңынан ауыл имамы Досмырзанов Серік домбыра туралы аңызды әңгімеледі. Көрмені тамашалауға келген қонақтар ерекше әсер алып, ризашылықтарын білдірді.

Домбыраның үні – қазақтың жыры. Домбырамен жырланған күйшілердің әр күйі, туған жердің есінде мәңгілік сақталмақ.  Себебі  сар даланың сазымен, қоңыр Балқаш желімен сыңғырлаған әсем күйі қазақтың тарихында, есінде қалады.

С.Джапаров,

М.Төлебаевтың мемориалды музейінің қор сақтаушысы.

Мәліметпен бөлісу: