Асқар шыңға шығу – айтуға оңай болғанымен қиындығы көп дүние. Оған нар тәуекел, селт етпес жүректілік керек. Өз басым ақын-жазушылардың, суретшілердің, композиторлардың, жалпы шығармашылық адамдарының талантты тобының бейнесінен тәуекелшіл, өжет альпинисттердің ерлігін көргендей боламын – дейді белгілі қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиев.
Қазақ композиторларының ішінен өнер биігіне өзгеше өжеттілікпен ұмтылып, сол шығармашылық биігінен өзін жан-жақты көрсете білген еңбекқор суреткерлердің бірі ретінде, ең алдымен, Еркеғали Рахмадиевтің өз есімін атасақ, артық болмас еді. Күні кеше ғана Балқаш көлінің жағасындағы ауылда өскен қарапайым балықшының баласы Еркеғали Рахмадиев – бүгін есімі бүкіл қазаққа, қала берді шет елдерге мәшһүр.
Рахмади Жабықпаевтың ұлы Еркеғали 1930 жылдың 1 тамызында сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданындағы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1932 жылы отбасымен Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы,Үлгі ауылына қоныс аударады. Ол 6-сыныптан бастап «Үлгі» колхозы мектебінің интернатына орналастырылады. Еркеғали оқуда алғыр болып өсті. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П. И. Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді.
Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғали Рахмадиевты таңдап алады. Еркеғали бұл байқауда Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындайды. 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды.
П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің тарихи-теориялық бөлімі мен домбыра класын (1952); Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының Е. Брусиловский композициясы класын (1957) композитор мамандығы бойынша; КСРО Композитерлер кеңесіне қарасты Г.И. Литинский мен Ю.А. Фортунатовада біліктілікті жоғарылату курстарын (1957-1958) бітірген. 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді. 1991 – 93 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі қызметін атқарған.
Ол қазақ музыкасының ұлттық ерекшелігі болып табылатын симфониялық күй жанрына негіз салушылардың бірі. Оның еңбегі ешқашан ұмытылмайды, ал туындылары халықпен бірге өмір сүре береді. 2013 жылы 9 сәуір күні, 83 жасында қазақтың танымал композиторы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиев өмірден озды.
Өзі өлсе де, артында өшпестей із қалдырған композиторға музейде «Өнер өріңде…» атты тақырыпта өз шығармаларынан және қолданған заттарынан көрме ұйымдастырылды.Бұл көрмеге композитордың өзі қолымен музей қорына берген “Қамар сұлу”, “Дала таңы”, “Алпамыс” опералары, “Дайрабай”, “Құдаша-думан” симфониялық күйлері, “Аманкелді”, “Толғау” симфониялық поэмалары, “Аястан” кантатасы, “Балқаштағы кеш” хорлық поэмасы Қазақстанда және шетелдерде жақсы танымал туындылары т.б шығармалары, кітаптары,ол кісіге арнайы берілген сыйлықтар және жеке заттары «Абылай хан» операсын жазғандағы өшіргіш, карандаш, қаламдары, киген костюм-шалбары, жейдесі т.б заттар қойылды. Көрме барысында композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы кең мағлұмат берілді. Аталған көрме музейдің сан жылдық жинау және зерттеу жұмыстарының жемісі болды. Музейіміз біздің өңірдің мақтаныштарына қатысты тың деректер мен экспонаттарды жинау жұмыстарын ары қарай да жалғастыра бермек.
Н.Ахметханов,
М.Төлебаевтың мемориалды музей экскурсия жүргізушісі.