Мерекемен құттықтады

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл. Осынау атаулы мереке аясында 18 тамыз-Шекарашылар күні аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев бастаған ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұжым басшылары қостаған топ Үшарал шекара отрядына қарасты Сарқан шекара комендатурасының Тополевка және Покатиловка әскери бөлімшелеріне барды.

Күн-түн демей еліміздің тыныштығын, мемлекет қауіпсіздігін күзетуші сарбаздарды Ғалымжан Қанатұлы кәсіби мерекелерімен құттықтап сый-сияпат ұсынды. Арнайы барған өңір өнерпаздары патриоттық рухтағы асқақ әуендерді шырқап көрермендер көңілін көтерді. Аудан атқамінерлерін Сарқан шекара комендатурасы комендантының тәрбие жөніндегі орынбасары, капитан Бауыржан Ақыбаев қарсы алып шекара шебіндегі сарбаздардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қонақтар әскери бөлімдегі жатын орынды аралап, техникаларды тамашалап, жалпы жарақтандырылуын көзбен көруге мүмкіндік алды. Соңында солдат асханасынан дәм татты.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: