Ұстаздар отбасы

Бұл кісілерді өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының соңынан бері жақсы білемін. Жиын-тойларда кездесіп қаламыз. Пікірлесеміз. Әңгімеміз жарасады. Аға-майдангердің ұрпағы.  Жалғыздықтың, жетімдіктің зардабын тартқан, еңбекпен етене өскен,  ұзақ жыл ұстаздық етіп, орта мектепті басқарған. Апамыз да  аға буын ардагер ұстаздардың  сапында. Көгенкөздерге бастауыш білім беріп, өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға үлес қосқан адам. Кезінде әнші болуды армандапты. Табиғатынан дарыған таза әрі биік дауысы бар.

Майқы биден қалған сөз бар: «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады. Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады. Масылдан мал бақпас туады, тілазардан қылжақпас туады, таздан жарғақбас туады. Сараңнан бермес туады, соқырдан көрмес туады. Мылжыңнан езбе туады, қыдырмадан кезбе туады». Бұл тұрғыдан алғанда Тұрсын ағамыз жүгін нарға салғысыз айырдан туған жампозға ұқсайды. Әкесі Қасым бұл дүниеге келгенде балалары шетіней берген ағасы Қожанға сұраусыз берген екен. Көзін ашқаннан анасы Жайлыбаланың жайлы тәрбиесін көріп өсті. Кейіннен есейіп қалғанда, мектеп бітірерде ауылдық кеңестен  туу туралы куәлік алуға барғанда ата-анасының кім екенін бір-ақ білді. Әкесі Қасым екен. Туған анасының ол кезде көзі тірі. Осы шындықты білсе де дүние есігін ашқаннан ақ сүттің орнына мейірімін емізген Жайлыбала анасының жанынан кеткен жоқ. Татар дәмі таусылғанша тумаған немесе асыранды  деген жаманатты естірткен жоқ.  Өкінішке орай туған әкесі Қасым да, асырап алған әкесі Қожан да сұрапыл соғыстан оралмады.

-Мектеп бітірген соң трактор айдадым, комбайн жүргіздім, колхоз басшыларының жұмсаған жағында жүрдім, — дейді Тұрсын Қасымұлы. -Аудандық комсомол комитеті еңбегімді ескеріп Семейдің авто-жол техникумына жолдама берді. Техникумнан соң колхозда автомеханик болып істедім.

1963 жылы колхоз тарап, оның орнына совхоз құрылады.  Шаруашылықтың алғашқы директоры Жалғасбек Дайыров артық сөзі жоқ елгезек жігітті директордың машинасына жүргізуші етіп алады.  Сол жылдары мектепке пионер жетекшісі болып келген өнерлі қыз Күнжамал Нұрланқызымен танысады. Араға жыл салып екеуі қосылады да, тату-тәтті отбасын құрады.

-Биыл шаңырақ көтергенімізге 56 жыл толады. Ынтымақтың арқасында 8 баланы өсіріп ер жеткіздік,-дейді  Күнжамал апа. -Тұңғышымыз Гүлшарат пен Қалиакпардан 3 немере сүйдік. Олардың өзі өсіп, шөбере қуанышын қызықтауымызға мүмкіндік берді. Гүлнар мен Сабыр, Қуаныш пен Айдар, Гүлмира мен Қайрат, Елмира мен Бекежан және Анар бізді жетістіктерімен қуантты. Арман мен Әсел, Серік пен Әсел Қабанбаевтар отбасының заңды жалғасы, әкесінің ізгі ісін өрістетуде. Бүгінгі таңға дейін осы 8 баламыздан 21 немере, 10 шөбере сүйдік.

Расында да осылай. Тұрсын ағамыз ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің  нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы атанды.  Күнжамал анамыз Батыр ана, отағасының қас-қабағына қарап отырған ақылман әже.

Тұрсын Қасымұлы Қабанбаев 1972 жылы Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін сырттай оқып бітірген. Саналы жылдарын ұстаздыққа арнап,  1990 жылдан 2003 жылға дейін Қарабөгет ауылындағы әл-Фараби атындағы орта мектептің директоры болды. Зейнетке шықса да шәкірттерімен, ұрпақтарымен мерейленіп жүрген ағамыз келер жылы 80 жастың табалдырығын аттайды.  Біз ұстаздар мерекесі қарсаңында ұстаздар отбасына өмірдегі барлық жақсылықты тілеп, немере-шөберелерінің қуанышына кенеле беруіне ізгі тілегімізді қосамыз.

Жомарт Игіман.

Мәліметпен бөлісу: