Алтын сақа

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі.  Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылатын. Ал қазіргі технологияның дамыған кезінде ұлттық ойындарымыз шетке ысырылып қалмауы үшін түрлі шаралар қолға алынуда, соның ішінде асық ойынының жастар арасында алар орны мен пайдасы баршылық. Асық ойындарының көп бала болып ойналатын түрі әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады, асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Сондай-ақ асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелеген.

Асық ойындарын дамыту мақсатында Көкөзек ауылында екі жыл қатарынан «Алтын сақа» атауымен асық атудан округ біріншілігі өтуде. Биылғы біріншілік 19-қыркүйек күні өтті, қатысушылар өзара сынға түсіп, шеберлік сынасып, жеңімпаздарды анықтады. Жылдан жылға асық ойнына қызығатын жастардың қатары көбейіп шеберліктерінің артуы көңілге қуаныш ұялатты.

Д.Жарданбек,

Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы, Амангелді БПҰ мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: