Өткен жұмада сарқандықтар ерекше көңіл-күймен қала күнін атап өтті. Көктен күн де шуағын молынан төгіп, өз шаттығын қосқандай болды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев қатысып, алдымен ел ағалары М.Тынышбаев атындағы орталық алаңда атаулы күн құрметіне орай ұйымдастырылған ұжымдық дастархан көрмесін аралап, көпшілік назарына ұсынылған сан түрлі тәтті, дәмділерден ауыз тиді.
Сондай-ақ қала тұрғындары қала күніне арнап дайындаған тәтті торт та дастархан басынан ерекше орын алды.
Мерекеге орай орталық алаңда әр түрлі байқаулар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұның алдында қала күніне орай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, спорт алаңдарында волейболдан, баскетболдан, футболдан, қол күрестен, қазақша күрестен және жастар арасында «NOMAD’S SPIRIT» атауымен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, мереке өзінің ауқымдылығымен ерекшеленді. Жеңімпаз жандарға және командаларға жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Алаңда өткен салтанатта аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев пен қала әкімі Амантай Орынбеков қала тұрғындары мен қонақтарын «Қала күнімен» құттықтап, мерекелік лебіздерін ақтарды. Қала бойынша «Үлгілі аула» иегерлеріне және сол күні дүние есігін ашқан нәрестеге жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен бағалы сыйлықтармен сый-сияпат көрсетілді. Әсіресе «Сарқаным сарқылмас бұлағым» атты ұжым аралық байқауының іріктелген топтарының өнері көрермендерін тәнті етті. Шара соңында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әсем әндерден шашу шашып, мерекенің салтанатын арттыра түсті. Сүйікті қаламыз Сарқанның туған күнін мерекелеу ісіне жеке кәсіпкерлер де айрықша атсалысты. Ұйымдастырылған барлық шараға 1 млн.теңге көлеміндегі жүлде қоры осының айқын айғағы.
Өз тілшіміз.