Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде «Дарындар іске» атты облыстық жобаның аймақтық іріктеу кезеңі өткізілді. Аталған жобаға Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының мүмкіндігі шектеулі азаматтары қатысып, өздерін жан-жағынан көрсетуге мүмкіндік алды.
Конкурсқа қатысушылардың бірқатары өз қолдарымен жасаған ағаш, тоқыма, квилинг бұйымдарынан, тәтті тоқаштардан көрме ұйымдастырса, енді біреулері ән және терме айтып, өнерлерін ортаға салды. Аталмыш облыстық жобаның авторы журналист, қоғам белсендісі, қазылар алқасының төрағасы Ахмедиева Алия Қасымханқызының айтуынша жобаның негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы дарындыларды анықтап, олар өндіретін өнімді нарыққа шығару. Осылайша аталған азаматтарға қолдау білдіре отырып, оларға қоғамда өздерінің кәсібін жүргізе алатындай бағыт-бағдар беру. Көрермендер өз кезегінде дарынды жандардың іскерлік ұмтылыстарына қошамет пен қолдау білдіріп, белгілі бір деңгейде жетістіктерге жеткен оларға сүйіспеншіліктерін жасырмады.
Он екі мүшесі сау, қол-аяғы балғадай жандардың жұмыс жоқтығын сылтауратқан, жатыпішер тірлігінің қасында өмірге жан-тәнімен ғашық, жетістіктерімен айналасын мойындатып үлгерген мүмкіндігі шектеулі жандардың жанкештілігіне, еңбекқорлығына еріксіз қайран қалып, сүйсінесің. Келешек жос-парларын сұрасаң тау суындай тасқындаған ерік-жігерге, өрге ұмтылған талпынысқа тағы бір мәрте куә болып, басыңды иесің. Өз тағдырларына деген нала өнерлерінен сәл-пәл сезілгенмен келер күнге деген сәулелі үміт оларды үнемі алға жетелеумен келеді. Көремен қатарында болған біз осыны жүрегімізбен сезініп қайттық.
П.Жеңісхан.