Қытымыр мінезімен адамды сынның астына алатын қыс мезгілі де келіп жетті. Жалпы, қыстың қабағы қалай боларын ешкім де, ешнәрсе де дөп басып айта алмайды. «Қамданған қапы қалмайды» дейді ертеден жеткен есті сөз. Сондықтан әрқашан сақадай сайлық табиғаттың «тосынсыйынан» сақтануға себеп болмақ. Осы орайда бір-бірімен жалғасқан жүйедей мекеме-ұйымдардың апатты жағдайда үндестікте, үйлесімді жұмыс жасауы аса маңызды.
Апта басында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы алаңда «Қыс-2019» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. 35 дана әр түрлі техника және 119 адам «Дабыл» бойынша көтеріліп, жоғары әрекет деңгейіне келтірілді. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды талапқа сай ұстау мақсатында өткен ауқымды шараға аудан әкімі — аудандық азаматтық қорғаныс бастығы Марат Разбеков арнайы қатысып, ауданның жедел әрекет ету жасағының жеке буындары және командаларының саптық түзілуін аралап, осы буын құрамындағы біраз мекемелер жұмысына сын айтып, оны жоюға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге саптық тексеріс кезінде Марат Мелісұлы әрбір құрам және буындардың төтенше жағдайлар кезіндегі негізгі міндеттері мен қимылдарын сұрап, мүлікпен, арнайы киім және техникамен жабдықталуымен жақын танысты. Сондай-ақ аудандық азаматтық қорғаныс бастығы қыс кезінде төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюдың бейбіт уақытқа арналған Азаматтық қорғаныс жоспарын және әрекеттестік жос-парлары мен оларға берілген түсінік хаттарын, апатты жағдайда энергиямен, газбен, сумен және көлік коммуникацияларымен қамтамасыз ету, хабарландыру және байланыс жүйелерінің дайындығын, қыс кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға арналған авариялық – құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының есебі мен олардың дайындығын және адамдар жаппай жүретін нысандарда энергиямен қамтамасыз етудің жекелеген көздерінің, материалдық-техникалық, азық — түлік, медициналық және де басқа қажеттіліктердің жеткілікті мөлшерде болуын қатаң тапсырды. Шараға аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық эвакуациялық комиссия, жедел әрекет ету жасағы және т.б. қатысты.
Өз тілшіміз.