«Sivers juice» – ел игілігіне

Рас екен, «Sivers juice» атауымен әдіптелген өзіміздің төл өнімді қолымызға ұстап, қуанышымыз қойнымызға сыймай, «Сарқан жеміс консерві зауыты» ЖШС-нің басшысы Ринат Калиуллинді сауалдың астына алып тұрмыз. — Өзім осы өңірдің тумасымын,-дейді кәсіпкер біздің сұрағымызға орай. – Бұл іс көп жылғы ойдың жемісі. Жалпы, Алматы облысын алып қарасақ, Шеңгелді өзінің сарымсағымен аты шықса, Қызылағаш ауылының қауын-қарбызы талайларды мойындатып үлгерді.

Аймағымызды басып өткен жолаушы біздің алманың дәмін жақсы біледі. Бірақ біз алқызыл алманы сатудан ары аса алмадық. Сондықтан неге осынау көл-көсір жемісті тиімді пайдаланбасқа деген ой мені осынау іске алып келді. Нәтижесінде сөз бен істі қабыстырып, Ресей және Қытай елдерінен қажетті құрал-жабдықты алдырып, қыркүйек айынан жұмыс жасап жатырмыз.

Алғашында атақты Сиверс алмасынан шырын сығуды жоспарлаған кәсіпкер биылғы тау бөктерінде жүрген үсік бұл жоспарға кесірін тигізді дейді. Содан Алмалы ауылдық округінен өзінің ауқымды бағы бар азаматты тауып, алманың «Лимонка» және «Кандел» сорттарынан шырын сығуды бастаған. Биыл болмаса да келер жылы алма атасы-Сиверстің өзінен өндірілген бал сусынды жерлестеріне ұсынбақшы жігерлі азамат іске белді бекем буынып.

Өндіріс барысын көзімізбен көріп көп жайтқа қанықтық. Жуылып, тазаланған алма арнайы жабдықтарда туралып, сығылып, арнайы сүзгіден өтеді екен. Көлемді ыдыста 95 градуста қайнап, суытылған соң шырын ыстық бумен залалсызданған шыны ыдыстарға бірдей мөлшерде құйылып, вакуумды аппараттың көмегімен іште ауа қалмауы қамтамасыз етіледі екен. Осындай жүйеден өткен сусын өзінің балғын күйін бір жылға жуық жоғалтпайтын көрінеді. Күніне 500 литр шырын шығаруға қауқарлы өндіріс орнының шыны ыдысы да, жапсырма қағазы да отандық өнімдер. Яғни, жапсырма қағазындағы «Қазақстанда жасалған» деген жазуға жүз пайыз сай. Қазіргі таңда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер маусымдық кезеңдерде бұл сан 15-20-ға дейін жететінін айтады.

-Келешекте жылыжай салып онда сәбіз, қызанақ өсірсем, олардан да шырын сығып, өнім түрлерін арттырсам,-дейді Ринат Әлімханұлы болашақ жос-парларымен бөлісіп.- Ісіміз өрге басқан соң бүгінгідей бейімделген емес, арнайы ғимарат салу ойда бар. Аяққа жаңадан тұрған соң қиыншылықтар да жоқ емес. Дайын өнімдерді сақтайтын кең қойманың қажеттілігі, дербес трансформатордың болмауынан электр қуатының жетіспеушілігі іске қолбайлау. Дегенмен «көш жүре түзелетіндігіне» сенім-діміз. Біздің баста-мамызға аудан әкімі Марат Мелісұлы жан-жақты қолдау білдіруге құлшыныс танытып отыр.

Құнарлы қара то-пырағымыздан қуат, күлімдеген күнімізден шуақ алып, бар дәру-менді бойына жиған саялы өңіріміздің мақ-таны — өзіміздің алқызыл алмадан ғана өндірілген 100 пайыз табиғи шырын-шәрбаттан дәм татып, біз де таңдай қақтық, тамсандық. Тамсана отырып шіркін, Алматы облысы, Сарқан ауданы, Сарқан қаласы, Тәуелсіздік 92 «А» деген мекен-жайда шығарылатын шырын еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартып, өңіріміздің атын әйгілесе ғой, дейміз іштей. Сонда ауыл шаруашылығына байланған экономикамыз әртараптанып, қаншама жан өз нәпақасын осындай істерден айырар еді. Әзірше «Жібек жолы», «Арай», «Алтын дән» сияқты ірі сауда дүкендерінің сөрелеріне қойылған отандық өнімді тұтынып, кәсіпкерге қолдау білдірейік ағайын! 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: