Ауданның тыныс-тіршілігін бір кісідей сезінетін, сөздерінен даналықтың лебі есілетін өңіріміздің ардагерлері газет-журналға жазылу ісінде қашанда айрықша белсенді. Апта басында аудандық Ардагерлер үйінде бас қосқан қариялардың жиынына арнайы қатысқан біз осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Жиынды ашқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков еліміздегі, аймағымыздағы қоғамдық-саяси жағдайлардан жан-жақты хабар беретін газет-журналдарға әсіресе жергілікті басылымға жазылудың маңыздылығына тоқталып, аталмыш істе бірқатар үзеңгілестерін көпшілікке үлгі етті. Қадыл Тұрысбекұлы сондай-ақ облыстық тоғызқұмалақ жарысына ауданнан баратын үміткерлерді іріктеу мәселесін көп талқысына салып, келер жылғы «Еріктілер» жылының елімізге, оның ішінде жалғызілікті, көмекке мұқтаж қарияларға игілікті тұстарын атап өтті.
Көптен көріспеген көнекөздер жиынды өткір әзіл, достық рәуіштегі қалжыңдармен өріп, әдемі әңгіме өрбітті. Елдің қамын ойлайтын ел ағалары кездесу барысында азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет бағаларына қатысты өз алаңдаушылықтарын жеткізді.
Өз тілшіміз.