Өткен жұмада «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан облыстық турнир жалауын көтерді. 2004-2010 жылдар аралығында туылған ұлдар және қыздар арасындағы аудандық ашық турнирді Nur Otan партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Күбентаев құттықтау сөзімен ашып, жасөспірімдерге жеңіс тіледі. Сайысқа арнайы келген мейман, ауданда ұзақ жылдар спорт саласында жемісті еңбек еткен Жұмагелді Есболатов жылы лебізін білдірді.
Алматы және Қапшағай қалалары, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының 112 жас боксшылары қолғап түйістірген сайыс үш күнге созылып, ауданымыз үшін жеңісті аяқталды. Атап айтқанда өңіріміздің спортшылары 15 алтын, 7 күміс, 4 қола медальға ие болып, жиынтық нәтижемен тұғыр биігі І орынға көтерілді. Ал ІІ орынға Панфилов ауданы қол жеткізсе, ІІІ орынға қапшағайлық өрендер жайғасты. Былғары қолғап бәсекесінде айрықша көзге түскен Сарқан ауданының боксшысы Мұқатай Әбілқайыр үздік боксшы атағын иеленді. Балғындарымызды бокстың қыры мен сырына баулып жүрген жаттықтырушылар Р.Клышев пен Н.Аюбаев екендігін айта кеткеніміз жөн.
Өз тілшіміз.