Өңірімізде «Жетісу Изолятор» атты өндіріс орны барын бұрыннан еститінбіз. Жуырда елімізде өніміне баламасы жоқ осынау кәсіпорынды көзбен көрмекке арнайы бардық. Ең бірінші оқырманға изолятор (оқшаулағыш, ажыратқыш) дегеннің не екендігін тар-қатып айта кетсек. Электр бағандарының басындағы электр желісі оралып тұратын қоңыр, мөлдір түсті керамикадан, фарфордан, шыныдан жасалатын бұйымды (изоляторды) баршамыз білеміз. Міне, жоғарыда аталған мекеме осынау изолятордың сегіз түрін шығарумен айналысады. Оның неге ел аумағында баламасы жоқ екен деуіңіз бек мүмкін. Оны да айтайық. Ең бастысы мұнда изолятордың полимер материалынан жасалатындығында. Ол өз кезегінде өзі аттас бұйымдардан жеңілдігімен, ұзақ қызмет етуімен ерекшеленеді.
-Жалпы, шикізатты яғни полимерді 9 түрлі компонентті вакуумды ыдыста араластыру арқылы аламыз,-дейді бізге өндіріс барысын көзбен көрсетіп, қолмен ұстатқан серіктестіктің инженері Арман Мусин — Шикізат бірыңғай қоймалжың массаға айналған соң оны арнайы жаймалағыш станокқа салып тиісті қалыпқа келтіреміз. Келесі кезекте дайын күйінде келетін өте берік шыны мен пластиктің қосындысынан тұратын стерженьге (мөлдір, сарғыш-жасыл түсті жуандығы, ұзындығы әртүрлі шыбық тәрізді өнім) жоғары қысыммен екі басына металл кигізіледі. Жартылай дайын өнімге 300, 800 тонналық қысым көрсете алатын автоматтандырылған гидропресс станогымен өзекше қалпақ түріндегі полимер негізіндегі қалып беріледі. Осылайша пайда болған өнім соңғы сынақтан өтіп барып тұтынушысына жол тартады.
Аталмыш өнім негізінен тапсырыс бойынша жасалады екен. Негізгі тұтынушысы «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы. Жоғарыда сөз еткеніміздей серіктестік изолятордың 8 түрін атап айтсақ электрлендірілген темір жол бойындағы желілерге, қарапайым желілік өткізгіштерге, трансформаторларға арналған стерженді тіректерге және т.б. пайдаланылатын изоляторларды түгелдей полимер материалынан жасап оларға 15-20 жыл көлемінде кепілдік береді.
2012 жылдан бері түрлі кернеулі электр желілеріне арнап «Қазақстанда жасалған» атауымен өнім шығарушы кәсіпорынның аяққа нық тұрып тұтынушы сеніміне ие болып үлгергендігін байқадық. Гүлбаршын Жұмашева басшылық жасайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте барлығы 20-ға жуық жан жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнынан бөлек қойманы, кеңсені аралап ел ырыздығын еселейтін осындай нысандар көбірек болса екен деген ой көңілде қалды. Келешекте автоматты ажыратқыштарды жасап нарықты қазақстандық мазмұндағы дүниелермен толық-тырсақ деген ниеттегі серіктестіктің талабына сүйсініп, жұмысына сәттілік тіледік.
П.Жеңісхан.